Өзбекстанның Андижан облысында жергілікті тұрғындар ұрлық жасады деген әйелді өздері ұстап алып, жазаламақ болған. Бұл сәттің видеосы әлеуметтік желілерге таралып кетті деп жазады «Газета.uz».
Видеокадрлардан күдікті әйелдің ашулы топтан қашып шықпақ болған әрекетін анық көруге болады. Адамдар оның киімін жыртып тастайды. Жартылай жалаңаш әйел суға секіріп кеткен.
Әлеуметтік желі қолданушылары халықтың өзі қылмысқа барды дегенді жазуда, яғни күдіктіні құқық қорғау органдарына берудің орнына өздері жазаламақ болған дейді. Дегенмен, Андижан облыстың ІІД-нің баспасөз қызметі тұрғындар тарапынан ешқандай заңсыздықтың орын алмағанын, олар күдіктіні полицияға ұстап бергенін мәлімдеді.
Оқиға 14 тамызда болған екен. Бұған дейін ұрлық жасағаны үшін сотталған әйел Шахрихан базарында 4 әйелдің ақшасы мен ұялы телефондарын үптеп кеткен. Ол ұрлығын жасап, базардан шығып бара жатқан сәтте қолға түсіпті. Полицейлер келгенше оны ұстап тұрмақ болған жәбірленушілер алысып жатып киімін жыртып алғаны рас дейді ІІД-нің баспасөз қызметі. Алайда, оған ешқандай артық күш көрсетпеген.