Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі ұлттық бюроның Түркістан облысындағы өкілдері Сайрам ауданы Құрылыс бөлімінің басшысын пара алды деген күдікпен ұстады. Бұл туралы аталған ведомствоның баспасөз қызметі хабарлап отыр.
Ұсталған шенеунік жергілікті компаниялардың бірінен 12 миллион теңге пара алды деп айыпталуда.
"Ақшаны ол ортадағы адамдар арқылы бірнеше бөліп алған. Ол үшін бөлім басшысы Сайрам ауданы Ақбай ауылындағы орта мектепке қосымша ғимарат салу үшін құрылыс компаниясымен келісімшарт жасасуға уәде берген. Келісімшарт сомасы 400,5 миллион теңгені құрайды", - делінген аталған хабарламада.
Қазіргі таңда күдікті ұсталып, қамауға алынды. Оның үстінен сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.