10.07.2014, 06:20

Елімізде демалыс күндері жаңбыр жауып, күн суытуы мүмкін

Сурет: dmk.kz

Республикамыздың батысына басталған циклон жақын күндері батыс, солтүстік және орталық облыстарда қысқа мерзімді нөсер төгеді, деп хабарлайды Қазгидромет.

Карск теңізінен келе жатқан ылғалды және суық ауаның еліміздің солтүстік-шығысына қарай бағыт алуына байланысты 11-12 шілде күндері солтүстікте, 12 шілдеде орталық және шығыста жаңбыр жауады деп күтілуде. Кей жерлерде 15-25 м/с жел тұрып, жекелеген аудандарға бұршақ түсуі мүмкін, — делінген хабарламада.

Мамандардың айтуынша, температура әдеттегіден 2-5 ºС төмен болады. Еліміздің оңтүстігі мен оңтүстік-шығысында алдағы екі күнде күндіз 33-38 ºС, кей жерлерде 40-42 ºС ыстық ауа-райы сақталады. Тек 12 шілде күні аздаған жаңбыр жауып, ыстықтың беті аздап қайтады.