Алматы облысына қарасты Ұзынағаш ауылында 9-сынып оқушысы өзіне-өзі қол жұмсап қайтыс болды. Бұл туралы Жамбыл аудандық білім бөлімі хабарлайды деп жазады «Жас Алаш».
Сабина АШИРОВА 2002 жылы жылы дүниеге келген. Марқұмның денесін әжесі сарайдан тауып алған. Ата-анасының айтуынша оқушы қыз әжемнің үйіне қонамын деп сұрап кетіпті. Сабина отбасында әке-шешесі, ағасы және әпкесімен бірге тұрған. Отбасының әлеуметтік жағдайы жақсы.
«Марқұм мектепшілік «Тәуекел тобы» есебінде тұрады. 2016 жылы аудандық ішкі істер бөлімі тәртіп бұзғаны үшін тіркеуге алған. 9-сыныптан кейін Ұзынағаштағы медициналық колледжге түскен болатын дейді»,- дейді аудандық білім бөлімі хабарламасында.
Қазір бұл іске қатысты тексеру жұмыстары жүріп жатыр. Қазақстан дүниежүзі бойынша суицид жасау бойынша алғашқы ондыққа кіреді. 5 жастан 15 жастағы балалардың өз-өзіне қол жұмсауы бойынша еліміз 9-шы орында. 15 пен 29 жас аралығы бойынша, төртінші сатыда екен. Бұл туралы «Bilim Foundation» қоғамдық қорының жетекшісі Ерлан АЙТМҰХАМБЕТОВ мәлімдеген еді. 2018 жылдың басында парламет депутаттары осы мәселеге қатысты үкіметке сауал да жолдаған-ды.