$ 494.87  520.65  4.91

Тәжікстанда әнұранды білмеген молда мешіттегі қызметінен қуылды

Тәжікстанның дін істері, ұлттық дәстүрлерді реттеу жөніндегі комитеті Пенджикент мешітінде ұлттық әнұранды білмеген найыб имамды қызметінен алған деп жазады centralasian.org.

27 жастағы Пенджикент шаһарының тұрғыны Накибхон Кориев қоғамдық мешітте соңғы уақытқа дейін найыб имам болып қызмет істеп келген. Ол маусым айының басында аттестациядан өту үшін, Душанбеге барған. Дін қызметкері таяуда ғана "ұлттық әнұранды білмегенің үшін, найыб имам қызметінде отыруға құқығың жоқ" деген хабарлама алғанын айтады.

Накибхонның өзі әнұранды білетінін, өзін әділетсіз қызметінен босатты деп есептейді. Оның сөзінше, емтихан кезінде расында қатты қобалжығанын, қажылыққа бару кезіндегі ережелерді толық жаттап үлгермегенін, бірақ ұлттық әнұранды жатқа білетінін жеткізді. "Емтихан кезінде менен әнұранды айтып беруімді сұрады. Барлығына осындай талап қойды. Мен тек Құранның аятын толық айтып бере алмадым. Бірақ қалған сұрақтарға жауап бердім", - дейді ол.

Дін істері комитеті Накибхон Кориевтің қызметінен алынғанын растады. Ондағылар әнұранды ғана емес, намаз оқудың ережесін дұрыс айта алмады деді.

"Сәуір айында ол Пенджикенттегі емтиханнан өте алмады. Оған дайындалуға бір ай рұқсат бердік. Сосын Душанбеде аттестация болды. Одан да өте алмады. Оған тағы 2-3 ай уақыт берді. Тағы құлап қалды. Қарапайым сұрақтардың өзіне жауап бере алмады. Оның орнына әзірге ешкімді тағайындамады. Тек басқа адам міндетін атқарып жатыр", - дейді дін істері комитеті өкілі Саидджон Шодиев.

Тәжікстанда мешіттерге найыб имамдарды Үлемдер кеңесі дін істері комитетімен ақылдаса отырып тағайындайды. Олардың еңбекақылары 1 мың сомони (100 доллар) көлемінде. Тәжікстан 4 мыңға жуық имам мен найыб имам бар.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары