29.08.2018, 03:25

Өзбекстанның мемқызметкерлері жексенбі күні демалатын болды

Өзбекстанның мемлекеттік қызметкерлері бұдан былай сенбіде сағат 17:00-ке дейін жұмыс істеп, жексенбіде демалады. Ел президенті Шавкат Мирзияев осылай рұқсат берген деп хабарлайды Gazeta.uz сайты үкіметтегі дереккөзіне сілтеме жасап.

2017 жылдың көктемінде мемлекет басшысы "төтенше жағдай" жариялап, елдегі барлық мемлекеттік қызметкерлер күшейтілген режимде жұмыс істейді деп бұйрық шырғарған. Ташкент және Өзбекстанның басқа да қалаларындағы тұрғындар мемлекеттік мекемелердің жарығы түннің ортасында да сөнбейді деген.

Басылымның дереккөзі хабарлағандай, үкімет мүшелерінің қатысуымен өткен жиналыста, президент мемлекеттік қызметкерлер жексенбі күнін отбасымен өткізу керек деген.

«Енді сенбіде жұмыс күні 17:00-ке дейін, жексенбі – демалыс. Президент біз отбасымызға мән беруіміз керек екенін айтты», – дейді дереккөз.

Шавкат Мирзияев жиналыста мемлекеттік мекемелерде жиналыс көлемі мен ұзақтығын қысқартуды талап еткен, сонымен бірге керек емес ақпарат пен есеп беруді де доғару керек деп тапсырған.

Дереккөз: centralasian.org