30.08.2018, 03:26

Азия ойындарында Қазақстан қоржыны 9-ыншы алтынмен толықты

Индонезияда өтіп жатқан Азия ойындарында қазақстандық спортшылары ел қоржынына тоғызыншы алтын медальды салды деп хабарлайды ҚР Ұлттық олимпиада комитеті.

Бүгін, 30 тамыз күні (сағат 07.30-да) Жакартада каноэ мен байдаркада ескек есуден финалдық кезеңдер басталды. 500 метрге жарысуда Қазақстан командасы мәре сызығын бірінші болып кесіп өтіп, «алтынға» қол жеткізді.

Бұл сында ел намысын Илья Голендов, Сергей Токарницкий, Алексей Дергунов, Евгений Алексеев қорғаған болатын. Спортшыларымыздың уақыт көрсеткіші - 1.24.203.

Күміс жүлде - Оңтүстік Корея (1.25.313), қола жүлде Иран (1.26.939) құрамасының еншісінде.

Қазақстан құрамасы үшін бұл Азия ойындарындағы 52-інші медаль, оның 9 - алтын, 9 - күміс және 34 - қола. 

Көш басында жарыстың алғашқы күнінен бері Қытай құрамасы келеді. 29 тамыздағы көрсеткіш бойынша олардың еншісінде 102 алтын, 67 күміс, 50 қола (219) медаль бар. Екінші орынға 52 алтын, 47 күміс, 63 қола  (162) медальмен әзірге жапониялықтар орналасып отыр. Үшінші орында 37 алтын, 42 күміс, 50 қола (129) медальмен - Оңтүстік Корея.

Дереккөз: ҚазАқпарат