Қытайдың Фучжоу қаласында телефонға үңілген әйел бір жарым минут бойы қызының бассейнде батып жатқанын байқамай қалды деп жазады Daily Mail.
Бір жасар қызды туған күнінде анасы бассейнге апарады. Анасы телефонға үңіліп тұрған кезде құтқару шеңбері аударылып түсіп, бала судың астында бата бастайды.
Хабарлама жазып, телефоннан басын көтере алмай тұрған әйел не болып жатқанын байқамайды. Басқа бала оның назарын аудармақшы болады, бірақ келіншек қолын бір сілтеп әрі қарай тұра береді. Бассейн қызметкері бұл уақытта шығып кетіп, ересектерден ешкім болмаған.
Тек бір жарым минуттай уақыт өткенде ғана әйел қызының батып жатқанын көреді. Баланы судан алып шығып, жасанды дем бермек болады. Жиырма минуттан кейін анасы сәбиін ауруханаға алып келеді. Бұл уақытта қыздың жүрегі тоқтап, дем алмай жатқан. Дәрігерлер оны тірілтіп алды, бірақ ол әлі есін жиған жоқ. Бала ауыр хәлде ауруханада жатыр.
Бассейн менеджері медициналық шығынның бір бөлігін төлеуді ұсынған.
Дереккөз: Sputniknews.kz