14 жастағы ақтөбелік жеткіншек достарымен аквапаркке шомылам деп ауруханаға түсті. Ол сырғанақпен төмен түскенде, бүйрегі жарақаттанды.
Жеткіншек жедел жәрдеммен ауруханаға жеткізілді деп жазады Актобе Таймс.
«Ауруханадан үйге шығарылған соң да ұлым өзін нашар сезінетінін айтты. Омыртқасын рентгенге, томографияға түсірдік. Үшінші омыртқасы сынғаны анықталды. Қайта ауруханаға жатқызылды. Орнынан тұрмай екі апта жатты. Қазір үйге шығарылды. Өз аяғымен жүреді. Бірақ корсетпен ғана қозғалады», – дейді анасы.
Анасы аквапарк басшылығының ұлының халін білуге қызықпағанан айтты.
«Ерлан есімді әкімші балама барам деген еді. Дәрігерлерге барып, оның жағдайын білуіне болатын еді», – дейді анасы.
Әйелдің айтуынша, ұлы ережені өзі бұзса да, аквапарктегі құтқарушылар жауап беруі міндетті екенін айтады.
«Ұлымнан сұрағанымда ол топ болып сырғанауға құтқарушының өзі рұқсат еткенін айтты», – дейді зардап шеккен ұлдың анасы.
Аквапарк әкімшісі Ерлана Имбетовтың айтуынша, олар бірнеше рет ауруханаға хабарласып, жеткіншектің жағдайын сұраған.
«Барлық келушілерге ереже түсіндіріледі. Бала сырғанағанда, екіншісі күтпестен сырғанап кеткен. Бұл ең қауіпті аттракцион. Балалар төменде бір-бірімен қағысып қалған», – дейді ол.
Ерланның айтуынша, ата-анасы еш шағымы жоқ екенін айтып, баланы ауруханадан шығарғанда қолхат жазған.
«Бірнеше күннен соң қайта ауруханаға түсті. Мүмкін ол біреумен төбелесіп, не құлап омыртқасын зақымдаған шығар. Біз білмейміз ғой. Бала техника қауіпсіздігін бұзса да, ол біздің аумақта болғандықтан біз жауапкешіліктен қашпаймыз. Басшылықтан көмек болады», – дейді әкімші.
Қазір жеткіншек меткепке бара алады, тек дене шынықтыру сабағына 3 айдай қатыса алмайды.
Дереккөз: Stan.kz