Қыркүйекте бұлыңғыр, жауын-шашынды ауа райы болады деп хабарлайды Қазгидромет.
Синоптиктердің мәліметтеріне қарағанда, қыркүйектің басында елдің солтүстік, шығыс және орталық бөліктерінде күн суытады. Елдің солтүстігінде 1-2, орталықта 2-3, шығыста 3-4 қыркүйек күндері түнде 1...6 градус нөлден жоғары, кей жерлерде 3 градусқа дейін аяз болып, күндіз 8...16 градус жылы болады.
Тек батыс және оңтүстік өңірлерде жауын-шашынсыз ыстық ауа райы сақталып, температура 23...30 градус аралығында болады.
Елдің солтүстік бөлігінде қыркүйектің орталары мен үшінші онкүндігінде жауын-шашынды суық ауа-райының екі толқыны жүреді. Түнде үсік жүреді және жаңбыр жауып арты қарға ұласады. Қалған күндері қысқа мерзімді болса да ауа температурасы 15...25 градусқа дейін көтеріледі, ал оңтүстікте 23...30 градус ыстық сақталады.
Соның нәтижесінде қыркүйек айының орташа ауа температурасы Батыс Қазақстан, Атырау, Маңғыстау облыстарында климаттық нормадан 1 градус жоғары, ал Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Павлодар және Шығыс Қазақстан облыстарында 1 градус төмен, қалған облыстарда нормаға жуық болады. Батыс Қазақстан, Атырау, Маңғыстау, Ақтөбе, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан облыстарында айлық жауын-шашын мөлшері аздау болады, қалған өңірлерде нормаға жуық болады.
Дереккөз: ҚазАқпарат