Астанада көпқабатты тұрғынүйлердің бірінде қысқа тұйықталудан от тұтанып, кішкентай үш балаға ыс тиіп қалды деп жазады Tengrinews.kz. Үйдің өзге тұрғындары от тұтанған сәтте далаға шығып үлгерген.
"1 қыркүйек күні сағат 05:18-де "Сарыарқа" ауданындағы 18 қабатты тұрғын үйде 1 мен 6-шы қабат аралығындағы 15 метрлік электр кабелі тұтанған. Тұрғындар үйден өз беттерімен шығып үлгерді. Өрт 06:15-те толық сөндірілді. Улы газдан уланып 2008 жылы туған үш бала ауруханаға жеткізілді. Олардың жағдайы орта деңгейде", - делінген ҚР ІІМ ТЖК таратқан хабарламада.
Өрттің қысқа тұйықталудан шыққаны анықталып отыр. Қазір тұрғын үйде электр жарығы түгел сөндірілген. Жөндеу жұмыстары аяқталғаннан кейін жарық қайта қосылады.