$ 482.86  533.17  5.08

«Қазақтар көп»: Шымкенттік ару Кореяда 600 мың теңге жалақы алатынын айтты

«Асан қаласына өткен жылдың тамыз айында келдім, – дейді Әйгерім. – Мұнда танысым болған соң жұмыс табуда бұл елге өтудегідей қиындыққа кезікпедім десем де болады. Қазақстаннан Кореяға виза жоқ, сондықтан ол жаққа бір айға баратын турист ретінде өттім. Мұнда аяқ басқаннан кейін кері қайтатын билетті сатып жібердім де, қасымдағы танысыммен жалдамалы пәтер іздей бастадық деп жазады Qamshy.kz.

Тамыз айында Корея Шымкент­тегідей ысиды екен. Тек ылғалдылық мөлшері өте жоғары. Дәл моншада жүргендей терлетеді. Жауын жиі жауады. Ал қысы қатал.

Құрбымның кәрісше аздап, ағылшынша әжептәуір тілі бар. Оның үстіне еті тірі. Бар-жоғы екі күннің ішінде «Ванрум» деп аталатын жерден бір бөлмелі пәтер таптық. «Ванрумның» иесімен әуелгіде алты айға келісім-шартқа тұрып, миллион вон (300 мың теңге) кепілдеме (пуджымгы) төледім. Оған қосымша алдын ала бір айлық пәтерақымды тағы алды. Барлығын есептегенімде 400 мың теңге кетіпті. Ал содан бері ай сайын пәтерақы мен коммуналдық төлем үшін 100 мың теңге төлеп келе жатырмын.

Алғашқыда қаладағы қонақүйлердің біріне тазалыққа жауапты маман ретінде жұмысқа қабылдандым. Ол жерде жеті айға жуық жуып-шаю жұмыстарын атқардым. Кейін  майлық, көлік бөлшектерін, шұжық шығаратын зауытқа жұмысшы болып қабылдандым.

Зауыттағы айлығым жақсырақ. 500-600 мың теңгеге шамалас жалақы шығады. Есесіне мұнда азық-түлік, киім-кешек өте қымбат. Тіпті қара судың өзін сатып алып ішеміз.

Уақыт өте келе қарапайым сөздерді, тілдесуді үйреніп алдық. Басшымыз зауыт жұмысшыларын түрлі жұмыстар­ға бөледі. Бірде сүрткіш жасасақ, бірде көлік бөлшектерін қорапқа саламыз, кейде шұжық жасап, шапқылаймыз. 12-14 сағатқа дейін жұмыс істеуге үйреніп те қалдым. Жұмыс уақыты қатаң, таңғы сағат 8-ден кешкі 11-ге дейін тер төгеміз. Зауыт басшысы қарапайым, парасатты кісі болып шықты. Қалай тер төге еңбек еткенімізді қаласа дәл солай сый-құрмет те көрсете біледі. Туған күн иелерін арнайы құттықтап, ұжымды ұйыстырып отырады. Сонысына қатты риза болдым.

Мұнда қазақтар аз емес. Тараз, Көкшетау, Қарағандыдан, әсіресе, Шымкенттен келгендер өте көп. Жерлестеріммен танысып жатқанда менің де шымкенттік екенімді білген біреуі: «Шымкенттіктер скоро Кореяны да жаулап алғалы тұр», – деп қалжыңдаған еді.

Тексерісі аз жүретін бірнеше қалада Шымкенттен келген аға-інілер, әпке-сіңлілер тұрып жатыр. Ара-арасында бір-бірімізді іздеп, сәлемдесіп жатамыз. Көңілді басқасулар жасап, осы елдегі жағдайды айтып, пікір алысамыз. Отанымызды, отбасымызды сағынып, шер тарқатамыз.

Маған қарындасым деп қарайласып тұратын ағаларымды да айта кеткім келеді. Жұмысын істеп, отбасына ақша жіберіп, бес уақыт намазын осындағы мешітке барып оқып жүреді. Оларға қарап, сүйсінемін, сыйлаймын.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары