09.09.2018, 08:14

Бүгін – отбасы күні!

Бүгін Қазақстанда Отбасы күні мерекесі атап өтіледі. Бұл туралы ҚазАқпарат жазады.

2013 жылы ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан Республикасындағы кәсіптік және өзге де мерекелер» туралы Жарлыққа өзгеріс енгізіп, қыркүйектің екінші жексенбісін Отбасы күні деп белгілеген болатын.

«Біздің қоғамда отбасы әрқашанда рухани және мәдени дәстүрлердің сақтаушысы, түрлі буындар арасын жалғастырушы болды және солай болып қала бермек. Отбасы күні біздің қоғамымызда руханилықты, өнегелілікті нығайтуға, ерлі-зайыптылар жауапкершілігінің маңыздылығын сөзсіз мойындауға ықпал етеді», - деген болатын Мемлекет басшысы Отбасы күніне арналған алғашқы құттықтауында.

Бұл күні еліміздің түкпір-түкпірінде отбасы құндылықтарын насихаттауға арналған түрлі шаралар ұйымдастырылып, жергілікті атқарушы органдар тарапынан үлгілі отбасыларға сый-құрмет көрсетіледі.

2014 жылдан бері Мемлекет басшысының ұсынысымен аталмыш мерекеге орай «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы өткізіліп келеді. Онда отбасы мүшелерінің жетістіктері мен олардың маңыздылығы ескеріледі. Бес жылда бұл байқауда 11 993 жанұя бақ сынады.

Еске сала кетсек, кеше елордадағы «Қазақстан» орталық концерт залында «Мерейлі отбасы» Ұлттық конкурсының 2018 жылғы жеңімпазы анықталды. Бас жүлдені жамбылдық Ниязқұловтар отбасы еншіледі. Ұстаздар әулетінің үш буынының жалпы педагогикалық өтілі - 198 жыл.

ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова оларға Қазақстанда шығарылған «IVECO» көлігінің кілтін табыс етті.