Қазақстанда 2013 жылдан бері Отбасы күні атап өтіліп келеді. Бұл мейрам әр азамат үшін ғана емес, тұтастай еліміз үшін маңызды. Елорда әкімдігінің ресми сайтында қоғамның жаңа ұяшығын құрудағы соңғы тенденциялар атап өтілді деп жазады ҚазАқпарат.
АХАТ мамандарының мәліметінше, 2018 жылдың алғашқы жартыжылдығында Астанада 5454 неке тіркелді. Өткен жылдың сәйкес кезеңінде 4960 отбасы құрылған. Осылайша, Астанадағы жас отбасылардың саны өткен жылмен салыстырғанда 10 пайызға артқанын байқауға болады. Сарыарқа ауданы әкімдігінің АХАТ бөлімі жетекшісі Бахытгүл Шайкенованың ақпаратына сүйенсек, қала тұрғындары бұрынғыға қарағанда отбасын анағұрлым есейген жаста құрғысы келеді.
Осылайша соңғы 20 жыл ішінде некеге тұрудың орташа жасы шамамен 10 жылға өскен. Бүгінгі таңда елорда жастары 25-тен асқанда ғана шаңырақ көтеру жөн деп санайды.
«Қазіргі таңда жастар бұл мәселені барынша таразылап, отбасы құрады. Бойжеткендер мен ер азаматтар есейген сайын балаларына, жанұясына көп көңіл бөлуге тырысады. Бұдан 10-20 жыл бұрын ата-аналар балаларымен бірге өсетін. Егер 2000 жылдардың басында неке тұру жасы 20-21 жас болса, бүгін бұл көрсеткіш шамамен 7-10 жылға ұлғайып отыр. Қазіргі таңда бұл тұрғыда 25+ жасы кең таралған. Жастар көбіне 28-30 жасында некеге тұрады. Кейбірі тіпті 33 жасында үйленеді», - дейді Б. Шайкенова.
Сондай-ақ ол қазіргі кезде ер азаматтар өзінен бірнеше жасқа үлкен қыздарды жұбайы етіп таңдайтынын айтуда.
«Бұрын қалыңдықтың жасы кішірек болса, қазір көбіне күйеу жігіт жасырақ. Ер азаматтар өзінен бір-екі жасқа ғана емес, 5-10 жасқа үлкен бойжеткендерге үйленеді», - деп атап өтті Бахытгүл Шайкенова.
Сонымен қатар Астананың жас тұрғындары арасында шетелдік азаматтармен отау тігу жағдайлары жиілеген.
«Көбіне бойжеткендер шетелдік азаматтарға тұрмысқа шығады. Біздің қыздар Африка елдерінің азаматтарын жар етіп таңдайтын жағдайлар аз емес. Таңғалатыны жоқ. Қазіргі кезде шекара ашық емес пе?! Біздің елдің азаматтары шетелге жиі шығып, жиі саяхаттайтын болды. Әлемнің түкпір-түкпірінде Қазақстан жайлы жақсы білетін болды», - деді спикер.
Айта кетейік, «Неке және отбасы» туралы ҚР заңына сәйкес, ер және әйел адамдар 18 жастан бастап некеге тұра алады. Белгілі себептерге байланысты ғана жергілікті АХАТ органдары неке жасын 2 жасқа төмендете алады.