Ақтөбе облысында грантқа түсу балын әдейі жоғарылату фактілері анықталды деп жазады ҚазАқпарат.
«Тамыз айында колледждер мен ЖОО-дағы мемлекеттік грант бөлінісіне мониторинг жүргіздік. Биыл жергілікті бюджет қаражаты есебінен колледждерде 4 мың тегін оқу орны бөлінген. Тексеріс кезінде кейбір колледж директорлары жекелеген талапкерлерге мемлекеттік грантты беру үшін балын әдейі жоғарылатқанын анықтадық. Тексеріс әлі жүріп жатыр, біз шара қарастырамыз. Әрбір колледжде осындай 3-4 дерек анықталып жатыр», — дейді Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Ақтөбе облыстық департаменті басшысының орынбасары Рафхат Бисенов.
Оның айтуынша, қамқоршылық кеңестің құрылғанына қарамастан, мектептерде әлі күнге ақша жинау дерегі жойылмай тұр. Жуырда ғана №5 мектепте ата-аналардан ақша жиналғаны туралы ақпарат әлеуметтік желіге тараған болатын.
«Біз ақша жинау дерегіне шара қолданамыз. 11-сынып оқушыларынан ҰБТ-ға дайындау үшін 300-500 теңгеден ақша жинау фактілері бар. Бұл заңға қайшы, біз мұндай әрекеттерді заңсыз деп тану туралы ұсыныстар енгізіп жатырмыз», — дейді Р. Бисенов.