Қырғызстанда өткен «Көшпенділер ойынынан» кейін Бекболат Тілеуханның басы дауға қалған болатын. Заңгер Айгүл Орынбек мәжіліс депутатынан қызметінен кетуді сұрап, оның орнына қазақстандық боксшы Мұхтархан Ділдәбековті ұсынған еді. Десе де, Бекболат Тілеухан жұмсақ креслосын қимайтын сияқты. Өйткені, спортшыны ол орынға лайықсыз деп отыр.
«Мұхтархан Ділдәбеков олимпиаданың күміс жүлдегері. Бұл орынға әбден лайық деп ойлаймын. Бірақ басқару жүйесі деген оңай нәрсе емес. Әзірге оның бұл жүйеде қаншалықты тәжірибелі екенін білмеймін. Яғни Мұхтарханды жақсы азамат, керемет спортшы ретінде танысам да, оның қаншалықты басқара алатынын білмейді екенмін. Бірақ, халық лайық деп тапса, расымен де, бұл орынға лайық болғаны», - деген мәжіліс депутаты неге екені белгісіз, отбасына қатысты сұраққа бұл жолы ол ашық жауап берді.
«Құдай берген көп жарым бар. Сіз айтқандай, бесеуге жетпейді. Одан аз. Мұнымен қатар, мына мәселені айтқым келіп тұр. Жұрт жақында «Бекболат өзінің 11 баласы бар екенін мойындады» деп шулады. Осы тұста Бекболатқа тағы да жала жабылды. Менде 11 емес, 14 бала бар», - деді ол Sputniknews.kz порталына берген сұхбатында.
Еске сала кетейік, Қырғызстанда өткен «Көшпенділер ойынында» қазақ шабандоздары өзбектерден жеңіліп қалған болатын. Бұған ашуланған қырғыз көкпаршысының біздің спортшыларға кейіген видеосы да желіге тарап, қоғамда біраз резонанс тудырған. Кейін қазақ жігітінің қырғыз телеарнасына «Бізді 1 күн де болсын дайындаған жоқ. Түнде оятып алып кетті. Ақша да бөлінбеген» деп сұхбат бергенін көрдік.