Оралда бүгін таңертең сағат 08.00-дер шамасында ер адамның мүрдесі табылды деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оқиға Мұхит көшесі бойындағы «Сбербанк» АҚ ғимаратының алдында орын алды. Куәгерлердің сөзіне қарағанда, үш-төрт адам төбелескен. Сол жер қоршауға алынып, полиция қызметкерлері жұмыс жасады. Соның салдарынан осы маңдағы көшелерде көлік кептелісі болды.
Оқиғаны БҚО Ішкі істер департаменті жергілікті полиция қызметінің бастығы, полиция полковнигі Манарбек Ғабдуллин растады.
«Қазіргі кезде оқиғаның неден болғанын анықтау үстіндеміз. Тергеу амалдарын жүргізіп жатырмыз», деді ҚазАқпарат тілшісіне М.Ғабдуллин.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Айнагүл Сақпосынованың айтуынша, жедел жәрдем сағат 07.29-да шақырылған. Жедел жәрдем бригадасы 07.35-те жеткен. Жасы отыздар шамасындағы ер адам жедел жәрдем келгенше көз жұмған. Денесінде көптеген жарақаттар болған.