Ақтөбеде лифтіге қысылып жан тапсырған Айзат Әбдісаматтың өліміне қатысты сот отырысы жалғасып жатыр. Сот алдында кооператив директоры мен жантүршігерлік оқиғадан төрт-ақ күн бұрын сол лифтіні жөндеген механик жауап беруде. Алайда екі айыпталушы да өздеріне тағылған айыппен келіспейді деп хабарлайды 31 арна.
28 жасқа енді ғана толған Айзат Әбдісаматтың Ақтөбедегі көп қабатты үйдің лифтісіне қыстырылып, үш жастағы қызының көз алдында жан тапсырғана бес ай болыпты. Содан бері бірнеше техникалық сараптама тағайындалып, қаралы оқиғаға «Жаңабек Сервис» директоры мен механик кінәлі деп танылған. Алайда екеуі де сотта өздеріне тағылған айыппен келіспей, бастарын алып қашып отыр. Бірі техникадан хабарым жоқ десе, ақауы шыққан лифтіні алты мың теңгеге оңдап беруге келіскен жалдамалы механик сүттен ақ, судан тазамын деп отыр.
«Мен айтып отырмын ғой, менен көмек сұрады, мен тросын ауыстырып бердім. Болды. Оларда өздерінде жауапты механик болу керек. Сол жауап беру керек», - механик Жарылқасын Ақжанов.
Алайда қызым көз жұмғалы ешкім келіп кешірім де сұрамады деген Айзат Әбдісаматтың анасы кінәлілер жазасын алсын дейді. Сөзінше жауаптылардың салғырттығынан біз қызымыздан, ал кішкентай сәби анасынан айырылып отыр.
«Ешқайсысы да мойындарына алғысы келмейді. Әркім өз жауапкершілігімен жұмыс жасаса, екі әулет мұндай қайғыға душар болмас еді. Айзат қайда кетті, Айзатты танисыңдар ма деген сұрақтар қояды. Суретін көріп мынау менің Айзатым, принцессам дейді. Бірақ менің мамам қайда, мама деген сөзді айтпайды ол бала», - марқұм Айзат Әбдісаматтың анасы Айша Төлемісова.
Айта кету керек, Айзаттың өліміне себепші болған лифт бес айдан бері сол істемеген күйі әлі тұр. Оған жөндеу жүргізілмеген де.