$ 449.58  486.94  4.86

Құрғатылған бие сүтіне сұраныс көп

Жыл соңына дейін Павлодар облысы Лебяжі ауданының «Алтай» шаруа қожалығы құрғақ бие сүтін өндіру технологиясын меңгеріп, тауарды шетелдік нарыққа шығаруды жоспарлап отыр, деп жазады Bnews.kz.

Қазіргі таңда «Алтай» шаруа қожалығына Латвия елі мен Ресейдің Санкт-Петербург қаласынан құрғақ бие сүтіне ірі көлемдегі тапсырыстар түскен.

Кәсіпкер Сәтбек Мукин жаңа жобаның қуаттылығы тәулігіне 180 литрді құрайтынын айтады.

«Еуропалық тұтынушылар ұлттық сусынның кептірілген түріне зор қызығушылық танытып отыр. Биенің құрғақ сүтін өндіретін жаңа цехты 2016 жылдың қаңтар-ақпан айында іске қосуды жоспарлаудамын. Жобаның қуаттылығы тәулігіне 180 литр бие сүтінен 18 келі құрғақ өнім алуға мүмкіндік береді. Бір келі ұнтақтың әлемдік нарықтағы бағасы шамамен 360-400 еуро тұрады. Жуырда Қарағанды облысындағы 500 жылқы өсірілетін қожалыққа барып, құрғақ бие сүтін шығару технологиясының қыр-сырын меңгердім», — дейді С.Мукин.

Шаруа қожалығы иесінің айтуынша, стандарттық талаптарға сай өнім алу үшін «чечел» ірімшігін шығарумен айналысатын павлодарлық кәсіпкер Олег Толмачевпен бірігіп, арнайы қондырғы сатып алу бойынша келісімшарт жасалған. Ұлыбританиядан сатып алынатын кептіру жабдығының құны – 370 мың еуро.

«Мамандардың айтуынша, ұнтақталған құрғақ бие сүті пайдасы жағынан ана сүтімен тең десе болады. Жалпы, құрғақ бие сүтін фармацевтикалық, косметологиялық өнеркәсіпте пайдалануға болады. Әсіресе, құрғақ бие сүті балалар мен спорттық тағамдарды өндіру саласында таптырмайтын дүние. Сондықтан, өнімімізге сұраныс әрдайым жоғары болады деген сенім мол. «Алтай» ШҚ-ның қымызы халықаралық сапа сертификатына ие. 2009 жылы Қазақстанның атынан Берлинде өткен «Зеленая неделя» атты халықаралық көрмеге қатыстық», — дейді Сәтбек Мукин.

Айта кетерлігі, қазіргі таңда кәсіпкер қымызды шөлмекке құйып сатуда. Фермада 1000-ға жуық сауынды бие өсіріледі. Тәулігіне 400 литрден аса сусын шығарылып, астаналық тұтынушыларға жеткізіледі.

 
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары