Жаңаөзен оқиғасына қатысты алты жылға сотталып, жазасын өтеп шыққан ереуілшілер белсендісі Мақсат Досмағамбетов 29 қыркүйек күні қатерлі ісіктен қайтыс болды. Бұл туралы Азаттыққа Досмағамбетовтың анасы Оңайгүл Досмағамбетова хабарлаған.
Мақсат Досмағамбетов бет сүйегіндегі қатерлі ісік диагнозымен Маңғыстау облыстық ауруханасының онкологиялық бөлімінде жатқан.
Ол 2012 жылы Жаңаөзенде «жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастырушы» деп танылып, алты жылға сотталған. Қазақстан сотының барлық апелляциялық инстанциялары оның жазасын жеңілдетуден де, істі қайта қараудан да бас тартқан. 2012 жылғы Ақтаудағы сотта Мақсат Досмағамбетов ең алғаш рет түрмедегі азаптау туралы ашық мәлімдеме жасап, оның тергелуін талап етті. Оның арызынан соң қамаудағы 21 мұнайшы сотқа азаптау туралы шағым түсірді. Сот сараптамасы оның қабырғасының, бет жақ сүйегінің сынғанын анықтаған.
2015 жылы ақпанның 5-інде Мақсат Досмағамбетов шартты түрде мерзімінен бұрын босатылды. 2017 жылы желтоқсанның 19-ында ол жазасын толық өтеді.