Жаңаөзенде қазанның 1-і күні Жаңаөзен оқиғасына қатысты сотталып, жазасын өтеп шыққан белсенді Мақсат Досмағамбетовті жерледі. Мақсат Досмағамбетов 29 қыркүйек күні Ақтаудағы Маңғыстау облыстық ауруханасының онкология бөлімінде қатерлі ісіктен қайтыс болған деп жазады Азаттық.
Мұнайшылар ереуілінің танымал лидері болған Мақсат Досмағамбетовпен қоштасу Жаңаөзендегі өзі тұратын үйдің ауласында өтті. Марқұммен қоштасуға ол бұрын жұмыс істеген «Өзенмұнайгаз» мекемесінің мұнайшылары ғана емес, Жаңаөзендегі барлық мұнай кәсіпорындарының жұмысшылары, қала тұрғындары келді. Бірақ жергілікті билік пен оппозиция өкілдері байқалмады.
Мұнайшылар кешеден бері Мақсаттың мәйітін орталық алаңға апарып, жаназасын сол жерде шығаруды және оның мұнайшылар құқығын қорғаудағы еңбегін айтпақшы болған.
Бірақ жаназаға жиналған, аты-жөнін айтпауды сұраған мұнайшылардың бірнешеуі Досмағамбетовтің туыстары жаназаны алаңда немесе қаладағы жаңа салынған «Әбіш қожа» мешітінде өткізуге қарсылық білдірген.
Марқұмды Жаңаөзеннен бес километрдегі Теңге ауылының зиратына жерледі.
Марқұмның артында отбасы, екі ұлы, бір қызы қалды.
Мақсат Досмағамбетов 2012 жылы Жаңаөзенде «жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастырушы» деп танылып, алты жылға сотталған. Қазақстан сотының барлық апелляциялық инстанциялары оның жазасын жеңілдетуден де, істі қайта қараудан да бас тартқан.
2012 жылғы Ақтаудағы сотта Мақсат Досмағамбетов ең алғаш рет түрмедегі азаптау туралы ашық мәлімдеме жасап, оның тергелуін талап етті. Оның арызынан соң қамаудағы 21 мұнайшы сотқа азаптау туралы шағым түсірді. Сот сараптамасы оның қабырғасының, бет жақ сүйегінің сынғанын анықтаған.
Кейін белсендіге бет жақ қатерлі ісігі деген диагноз қойылған. Мақсат Досмағамбетов бет сүйегіндегі онкологиялық аурудың негізгі себебін өзінің Жаңаөзен прокуратурасы мен уақытша қамау абақтысындағы тергеуде азапталғанынан көреді. «Жаңаөзен ісі» бойынша сотта ол өзінің тергеу кезінде азапталғанын айтқан. Бірақ сот ол кезде Досмағамбетов пен басқа да сотталушылардың азаптауға қатысты шағымдарын «бос сөз» деп қабылдамай қойған.