$ 482.86  533.17  5.08

Б. Сағынтаев нарықтағы бағаның өсуіне байланысты облыс әкімдерін сынады

Базардағы бағаның шарықтап өсіп бара жатқанына ашуланған ҚР Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев облыс әкімдеріне сын айтты деп жазады Tengrinews.kz.

«Тек әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын ғана ұстап тұрумен жұмыс аяқталмайды. Сондай-ақ, білім беру және медициналық қызмет көрсету құнын да бақылауда ұстау керек. Егер бұлардың бағасы өсіп кетсе сіздердің нарықтағы бағаны тұрақтандырдық деулеріңіз бекер. Бір жағынан жұмыс жүріп жатқан секілді, екінші жағынан біраз кемшіліктер жіберіп жатырсыздар», - деді Үкімет басшысы.

«Азық-түлік бағасының қымбаттауы тұрғындардың басауруы. Сондықтан, базардағы бағаның шарықтап кетпеуіне ең алдымен жергілікті атқарушы органдар жауапты. Сондықтан, нарықты реттеу үшін сіздер аймақтық тұрақтандыру қорларының мүмкіндіктерін барынша пайдалануларыңыз керек. Бағаны бақылауға алуды және оны тұрақтандыру үшін барлық мүмкіндікті пайдалануды тапсырамын», - деді Бақытжан Сағынтаев бүгінгі Үкімет отырысында.

Ұлттық экономика министрлігі болса биыл инфляция 5-7% аралығында болады деген болжамын айтып отыр. Қыркүйек айында инфляция 0,4 пайызды көрсетсе, жыл басынан бері 3,3 пайызға жеткен. Жылдық инфляция әзірге 6,1 пайызды құрап отыр.

«Жалпы алғанда тұрақтылық бар деп айтқанымызбен, кей тауарлардың бағасы айтардықтай қымбаттады. Жыл басынан бері дизельдік отын – 38,2 пайызға, қызылша – 18,3 пайызға, қала іргесіне қатынайтын қоғамдық көліктердің жол ақысы – 18,1 пайызға, орамжапырақ – 16,7 пайызға және таскөмір 15,2 пайызға қымбаттаған», - деді Үкіметтің бүгінгі отырысында Ұлттық экономика министрлігінің бірінші вице-министрі Руслан Дәленов.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары