02.10.2018, 10:24

Абай ауылындағы зорланды деген 7 жастағы баланың отбасын Алматыдағы прокуратуда қорқыта бастады – заңгер (ВИДЕО)

Абай ауылындағы зорланды деген 7 жасар баланың әжесі мен оның сіңлісін құқық қорғаушылар қорқыта бастапты. Алматы прокуратурасына шақырту алған екеуіне С. есімді қызметкер олардың сенімді өкілі - заңгер Құрманғазы Мүсірдің үстінен қарсы шағым түсіруін талап етіп, дауыс көтерген көрінеді. Бұл туралы Қ.Мүсір өзінің Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында мәлімдеді.

Видеода 7 жастағы баланың әжесі Шәрипа мен оның сіңлісі Азиза болған оқиғаны бастан аяқ баяндап берді.

«Шілде айының соңында С. бізді Алматыға шақырды. Тергеу бойынша кемшіліктер бар деді. Ол Құрманғазы жайлы жаман ойда екенін, оны сотқа беретінін айтты. «Мен Құрманғазы туралы жазамын. Сіз соған қол қоясыз. Өйткені ол Селтановтарға тыныштық бермейді» деді. Қысым жасады. Мен оған Құрманғазыдан жамандық көрмегенімді айтып, қол қоймайтынымды жеткіздім. Мені мәжбүрледі. Бірақ мен қол қоймадым. Маған жақсылық қылған адамға жамандық қылмайтынымды айттым. Мені қамасаң да, өлтірсең де Құрманғазыға қарсы қағазға қол қоймаймын дедім», - дейді 7 жастағы баланың әжесі видеода.

Оның бұл сөзін жанында отырған сіңлісі Азиза да растады. Дәл осы әңгіме болғанда ол да жанында куә болыпты.

«Құрманғазыны қамататындарын айтты. Бас тарттық. Қатты айқайлағаны соншалық түнімен ұйықтай алмай шықтым», - дейді Азиза.

Сондай-ақ заңгер Құрманғазы Мүсір кадрда С. Н. есімді азаматтың Қазақстан Республикасы Бас прокурорының Бас көмекшісі екенін айтты.

Еске сала кетейік, наурыздың ортасында Түркістан облысы Сарыағаш ауданындағы Абай ауылында жеті жасар бала зорланды деген ақпарат Желіде тараған болатын. Баланы жабылып зорлағандар жоғары сыныптың оқушылары болуы мүмкін.

Кейінірек ОҚО ІІД өкілдері бұл дерекке қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 121-бабының 4-бөлігі («Сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері») бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлаған еді.

Қазіргі таңда баланың зорланғаны расталды. Оған зорлық көрсетті деген 4 баланың үшеуі жасының 14-ке толмауына байланысты қылмыстық жауапкершіліктен босатылған. Қалған бір баланың ісі сотқа жолданған.