04.10.2018, 06:29

Алматы қаласының Мәслихат депутаттығына үміткерлер іріктелді

Бүгін Алматы қаласы бойынша Мәслихат құрамынан шығып қалған депутаттардың орнына жаңа кандидаттарды ұсыну және тіркеу жұмыстары аяқталды. Осыған орай өңірлік сайлау комиссиясы жиын өткізді. Міне, өңірлік сайлау комиссиясы сол бос орындарға жаңа үміткерлер арасында жүргізілетін сайлауға, сайлауалды додаға жіберілген кандидаттар тізімін бекітті.

Жиынға Алматы қалалық сайлау комиссиясының төрайымы Жанна Асанова, аймақтық сайлау комиссиясы төрайымының орынбасары Айгүл Қалықова аймақтық сайлау комиссиясының хатшысы Құралай Күмісбаева және БАҚ өкілдері қатысты. Жиын барысында қалалық сайлау комиссиясының төрайымы Жанна Бейсентайқызы кандидаттарды тіркеу жұмыстарының аяқталғанын, комиссия бекіткен үміткерлердің сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары 26-қазан күні аяқталатынын айтты.

Алматы қаласы бойынша үш сайлау округтері жұмыс жасайды. Олар №25, №34 және №36 сайлау округтарі бойынша жүргізіледі. Шығып қалған депутаттар орнына Алматы қалалық мәслихаты депутаттығына сайлау 2018 жылғы 28-қазанға тағайындалып, сайлауды өткізу жөніндегі негізгі іс-шаралардың күнтізбелік жоспары бекітілген. ҚР «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңына сәйкес, аталған Мәслихат сайлауына кандидат ұсыну кезеңі 28-тамызда басталып, 27-қыркүйекте аяқталған.

Қорытынды бойынша, депутаттыққа 14 адам өтініш білдірген. Оның ішінде 3 адам «Нұр Отан» партиясынан болса, 11 адам өзін-өзі ұсыну жолымен ұсынылған.

2-қазан күні күнтізбелік жоспар бойынша кандидаттарды тіркеу тоқтатылған. Сөйтіп, егжей-тегжейлі іріктеуден 9 кандидат өткен. 5 адам өз еркімен сайлауға қатысудан бас тартыпты.

Алматы қалалық мәслихатының депутаттығына тіркелген кандидаттардың сапалық құрамы да әр түрлі екен. Тіркелген кандидаттардың 3-еуі әйел болса, 6-ауы ер адам. Сондай-ақ, сайлауалды додаға жіберілген 9 кандидаттың 7-еуінің білімі жоғары екен. Олардың ішінде 2 кандидаттың техникалық, 2 кандидаттың экономикалық, 3 кандидаттың педогогикалық білімі болса, тағы 2 үміткер арнаулы орта білімді болып шықты.

Айта кетейік, қалалық сайлау комиссиясының төрайымы Жанна Бейсентайқызы берген деректерге көз жүргіртсек, Алматы қалалық мәслихатының депутаттығына үміткерлердің ішінде 4 үміткер кәсіпкерлікпен айналысса, тағы 2-еуі жеке кәсіппен шұғылданады. 1 үміткер мектеп директоры, тағы бір үміткер психолог, енді бірі өзін-өзі жұмыспен қамтушы.

Кандидаттардың жас ерекшегілі де есепке алыныпты. Комиссия бекіткен 9 кандидаттың ішінде 40 жасқа толмаған (32-34 жас аралығы) – 5 адам, 60 жасқа толмаған (53-56 аралығы) - 2 адам және 60 жастан асқан 2 адам бар екен. Осылайша мәслихат депутаттығына үміткерлердің орташа жас мөлшері 44 жас деп тіркелген екен.

Айта кетейік, Алматы қалалық мәслихатының депутаттығына үміткерлердің барлығы дерлік Алматы қаласының тұрғындары.

ҚР «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» заңына сәйкес, мәслихат депутаттығына 20 жастан асқан азаматтар үміткер бола алады. Оларды қсынудың екі жолы бар. Біріншісі партия, қоғамдық ұйым немесе ұйым ұсынады. Екінші жолы азамататр өзін-өзі ұсыну жолымен сайлауға қатыса алады.

Жоғарыда айтқанымыздай, күні бүгінне бастап мәслихат депутаттығына үміткерлердлің сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары басталып кетті. Осы ретте айта кетейік, мәслихат депутаттығына үміткерлердің сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарына бюджеттен ақша бөлінеді екен. Ол бойынша әрбір кандидатқа бюджеттен 280 мың теңге қарастырылған екен. Сондай-ақ, әр кандидат өзінің сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарына қор ашып, қаржы салуына болады. Заңмен бектілген талап бойынша әр кандидат өз қорына келесідей жолмен қаржы аудара алады. Қорға аударылатын қаржыдан 100 АЕК көлеміндегі сома өз ақшасы, ұсынған ұйымның аударатын қаржы сомасы 200 АЕК-тен, жеке азаматар аударатын ақша 300 АЕК-тен аспауы қажет.

Сондай-ақ, мәслихат депутаттығына ұсынылатын кандидаттар ҚР Азаматы болуы міндетті.

Естеріңізге сала кетейік, Алматы қалалық мәслихатының депутаттығына үміткерлер арасында сайлау 28-қазан күні өтеді.

Ақбота МҰСАБЕКҚЫЗЫ