$ 483.23  534.74  5.12

Өзбекстан билігі Гүлнара Каримованың босатылғанын жоққа шығарды

Өзбекстанның Бас прокуратурасы елдің бұрынғы президенті Ислам Каримовтың түрмеде жатқан қызы Гүлнара Каримова қамаудан босап, Дубайдағы қымбат қонақүйге орналасты деген ақпаратты жоққа шығарды деп жазады Азаттық. 

Өзбекстанның Бас прокуратурасы қазанның 3-і күні Каримованың «заңға сәйкес Өзбекстанда жазасын өтеп жатқанын» хабарлады.

Сол күні ғана Гүлнара Каримова есімді адамның көмекшілерімен және күзетшілерімен бірге Дубайдағы бес жұлдызды қонақүйден бірнеше бөлмені жалға алып жатқанын хабарлаған.

Репортаж қонақүйдің аноним қызметкері жіберген сурет негізінде жазылған. Аты-жөнін айтпаған қызметкер қонақүйдің меймандар туралы ақпараттық жүйесіндегі мәліметтерді көрсеткен. Суреттен Каримованың компьютер экранында тұрған фотосын, профайлы және бөлмені жалдау туралы ақпаратын көруге болады.

Қонақүй жүйесінде бір кездері дипломат, бизнесвумен әрі әнші болған, 2015 жылы «жемқорлықпен айналысты» деп айыпталған Каримованың ескі суреті және «Ислам Каримовтың үлкен қызы Гүлнара Каримова» деген жазу тұр.

Кейіннен анонимді түрде сөйлескен қонақүй менеджері суреттің қонақүй меймандары туралы ішкі ақпараттық жүйесінің бейнесі екенін растады. Әйткенмен оның айтуынша, ондағы мәлімет қате.

«Менің білуімше, кеше біздің қонақүйге жайғасқан адам – президенттің қызы емес. Бұл – басқа Гүлнара Каримова», – деді ол телефон арқылы.

Оның айтуынша, «қателіктің» кесірінен жүйеге жаңсақ ақпарат енгізілген.

Осы оқиғадан бірнеше күн бұрын ғана Гүлнара Каримованың қызы Иман Каримова жүргізеді деп саналатын, иесі белгісіз Instagram аккаунтында Иманның Өзбекстаннан Лондонған ұшпақ болып жатқанын бейнелеген бірнеше пост жарияланды. Және ондағы бір постта «Мамам үйде» деп жазылған.

Иман Каримова соңғы рет 2017 жылы қыркүйекте атасының құрметіне өткен ресми жиында көзге түсіп, содан кейін көрінбей кеткен.

Instagram-ның stories бөліміндегі бір постта қыркүйектің 28-індегі Стамбұлдан Лондонға ұшатын ұшаққа отырғызу билетінің суреті мен мәтіні тұр. Онда пост авторы багажды тексеру шараларының кесірінен ұша алмай қалып, қатты қаймығып тұрғанын жазған.

Келесі постта ол ертесі күнгі ұмтылысы «сәтті болатынына» үміттенетінін, фоллоуерлеріне мәселені бақылап отыруға кеңес берген.

«Гүлнара Каримова түрмеден шығарылып, үйқамаққа алыныпты» деген алыпқашпа сөзге арқау болған «Мамам үйде» деп жазылған тағы бір пост кейіннен алынып тасталған сияқты.

Ақпарат құралдарының хабарлауынша, Өзбекстанның Бас прокуратурасы марқұм Ислам Каримовтың жиені Иман Каримованың шынымен Өзбекстаннан Ұлыбританияға кеткенін растаған.

Әйткенмен Бас прокуратура Гүлнара Каримованың босатылғанын жоққа шығарып, оның жазасын өтеп жатқанын хабарлады.

Өзбекстан билігінің мәліметінше, 46 жастағы Гүлнара Каримова 2015 жылы «бопсалау, ақша жымқыру және салық төлеуден жалтару» қылмыстары бойынша айыпты деп танылып, бес жылға «бас бостандығын шектеу» жазасына кесілген.

Ол бір кездері Өзбекстанды 27 жыл басқарған автократ президент Ислам Каримовтың орнын басатын ықтимал тұлға деп саналған. Ел басшылығы Каримовтың 2016 жылғы 2 қыркүйекте инсульттан қайтыс болғанын хабарлаған.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары