«Болашақ» халықаралық стипендиясымен білім алған жастардың шетелде жұмыс істеуіне мүмкіндік беру керек. Бұл пікірді BelnTech технологиялық компаниясының басшысы Бағдат Мусин Астанада Qazaqstan Technology форумында айтты деп жазады ҚазАқпарат.
«Шетелде жұмыс істегісі келетін болашақтықтарға рұқсат беру керек. Бірақ, бұл процесс біздің елшіліктермен тығыз қарым-қатынаста жүруі тиіс. Егер бағдарлама түлегі жоғары технологиялық компанияда жұмыс істесе, оны Қазақстанда 5 жыл жұмыс істеуге міндеттеп қою жарамайды», — деді Бағдат Мусин.
Оның айтуынша, «Болашақ» бағдарламасы келер ұрпақтың зияткерлік болашағын қалыптастыруға бағытталған.
«Әлемнің үздік оқу орнында 4-5 жыл оқып келген зияткер ұрпақ Қазақстанға келіп, өз мүмкіндіктерін толық пайдалана алмайтын мемлекеттік мекемеге жұмысқа тұрады. Оларды жіберу керек, шетелде жұмыс істеп, Қазақстанға идея немесе еншілес қор құра алады. Сонда ғана «Болашақ» түлектері өзге қазақстандықтарға үлгі боларлықтай нәтиже көрсетеді», — дейді Бағдат Мусин.
«Болашақ» халықаралық стипендиясы Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ə.Назарбаевтың 1993 жылғы 5 қарашадағы қаулысымен құрылған. БҒМ келтірген мәліметтерге сәйкес, 25 жылда «Болашақ» халықаралық стипендиясы 13 мыңға жуық үміткерге берілген.