$ 494.87  520.65  4.91

Шыңжаңда діни экстремизмнен сақтану науқаны жүріп жатыр

Қытай Коммунистік партиясының жоғары шенді өкілі Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданындағы (бұдан ары Шыңжаң) мұсылмандықты ұстанатын этникалық аз ұлттарға Қытайдың мәдениеті мен әлеуметтік нормаларын сіңіру саясатын оларды «діни экстремизмнен қорғау үшін» жүргізіп отыр. Бұл туралы Гонконгта шығатын South China Morning Post газеті хабарлады. Қытай коммунистік партиясының этникалық және діни мәселелер жөніндегі департаментінің басшысы Ю Цюань таяуда Шыңжаңға барған сапарында аймақта «этникалық тұтастық пен діни үйлесім сақталуы үшін» Қытай мәдениеті мен әлеуметтік нормаларын енгізу жұмыстары жүргізілуі тиіс деген.

Ю Цюаньнің сөзінше, Пекин Шыңжаңға экстремизмнің енуіне жол бермеуі керек.

Пекин соңғы бірнеше жылда аймақта «сепаратистермен және экстремизммен күрес» кампаниясын жүргізіп жатыр. БҰҰ мәліметінше, осы кампания аясында құрылған «саяси үйрену лагері» деп аталатын орталықтарда бір миллионға дейін мұсылман күшпен ұсталып отыр. Құқық қорғаушылар мұндай орталықтардағы тәртіп түрмедегідей деп санайды.

БҰҰ-ның тамыз айында жариялаған баяндамасы бойынша, Шыңжаңдағы исламды ұстанатын этникалық топтарға қатысты қатаң шектеу қойылған. Аз ұлттар өкілдерінің бет-әлпетін жауып тұратын киім киюіне, сақал қоюына тыйым салынып, шетелдегі туыстарымен байланысып тұрғандар немесе діни мерекелерде әлеуметтік желілерде оларды құттықтағандар «саяси қайта үйрену орталықтарына» жабылып жатыр.

Қытай Шыңжаңда сепаратистер мен исламшыл содырлардан қауіп төніп тұрғанын айтып, аймақтағы этникалық топтарға қысым жасалып жатқанын жоққа шығарады.

Соңғы жылдары Шыңжаңда ұйғырлар мен Қытайдың ішкері аудандарынан келген қытайлар арасында жанжалдар болып, ондаған адам қаза тапқан.

Дереккөз: Азаттық

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары