$ 498.34  519.72  4.85

Қызылордада Көшербаевтың «туысы» сотталды

Қызылорда қалалық №2 сотында «Көшербаевтың туысына» қатысты сот үкімі оқылды. Қылмыстық істі судья Жұлдыз ЖАКИЕВА қарады. Өзін облыс әкімінің жақын туысымын деп жұртты алдаған Әйгерім Көпжасарова 58 адамға пәтер алып берем деп сан соқтырып келген. Алаяқтың арбауына түсіп қалған тұрғындар оған қомақты қаражаттарын беріп отырған. Ақырында ақшадан да айырылып, үйге де қол жеткізе алмағандардың шағымына нүкте қойылды деп жазады zhasalash.kz.

Соттың соңғы отырысы екі тараптың жарыс сөз кезеңімен басталды. Мемлекеттік айыптаушы сотталушыны 4 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. Алайда, сөз алған жәбірленушілердің барлығы бұл жазаның тым жеңіл екенін айтып шағымданды.

«Мен өзім Әйгерімге 1 миллион 200 мың теңге ақша бердім. Тіпті, 90 жастағы енемнің атынан несие алуға мәжбүр болдым. Үй алдыңыздар деп, бізді бір пәтерге кіргізді. Арада 3 ай өткенде пәтердің шын иесі келді. Қазір үйімізде күнде қырғын. Жасы небәрі 25-те болып алып бұл келіншек бәрімізді шыр айналдырды. 4 жыл өте аз. Ақшамызды өтеп беруін талап етеміз деді», — қала тұрғыны Жанар ЫДЫРЫСОВА.

«Өзің облыс әкімінің жақын туысы екенін айтты. Мемлекеттік бағдарлама аясында кезектен тыс пәтер алуға болады деді. Біз сендік. Әртүрлі банкке жүгініп, бірнеше несие алдық. Жаңа әрі кең пәтерде тұрғымыз келді. Негізінен бұл жерде қитұрқы әрекетті жасаған Әйгерімнің өзі ғана емес. Оның сыбайластары не себепті жазаға тартылмайтыны түсініксіз. Тергеушілер өзге қылмыскерлерді неге құрықтамады?» — деп ашынады кезекті жәбірленуші Ақбота ҚҰТТЫБАЕВА.

Жалпы, Әйгерім Көпжасароваға қатысты сот процесі шілде айынан басталған. Осы уақытқа дейін сотқа келуден шаршағандар фемида өкілдерінен әділдікті талап етті. Күдікті сот процесі кезінде өз кінәсін толық мойындайтынын айтты. Екі баланың анасы судьядан бас бостандығынан айырмауды сұрады. Жұрттың ақшасын бөліп-бөліп төлеуге уәде етті. Алайда Әйгерім Көпжасарованың бұл сөзі жиналғандарды тіпті ашуландырды.

Әйгерім Көпжасарованың келтірген жалпы шығыны 80 миллион теңгеден асады. Сот кезінде сотталушыға кешірім беріп, арызын қайтып алғандар да бар. Екі тарапты толықтай тыңдап болған сот күдіктіні кінәлі деп таныды.

«Әйгерім Көпжасарова ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабының 3-бөлігі 1-тармағы бойынша кінәлі деп танылып, үш жарым жылға бас бостандығынан айырылсын. Жәбірленушілердің шығыны өтелсін. Сотталушының кәмелетке толмаған балаларының болуына орай сот осындай үкім шығарды», — деді судья Жұлдыз Жакиева.

Метериал Жас Алаш рұқсатымен жарияланды

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары