17.10.2018, 09:45

Төреғали Төреәлі әуежайдағы оқиғадан кейін айыппұл төлейтін болды

Төреғали Төреәлінің үстінен әкімшілік кодекстің екі бірдей бабы бойынша іс қозғалды. Транспорттық ішкі істер департаменті 11 қазан күні әншінің үстінен «мемлекеттік шекараны заңсыз бұзып өткені үшін» қылмыстық іс қозғалғанын атап өтті.

«Тергеу барысында Әлихановтың (авт.Төреғали) әрекетінен ешқандай қылмыстық белгі табылмады. 16 қазан күні Әлихановтың үстінен әкімшілік құқық бұзушылық құқық туралы кодекстің екі бабы бойынша іс қозғалды», – деп хабарланды баспасөз қызметінен.

Төреғали мемлекеттік шекарадан өту ережесін бұзып, рұқсатсыз өткені үшін 5 АЕК, сондай-ақ, әуежай аумағында рұқсатсыз жүргені үшін 1 АЕК көлемінде айыппұл төлейді.

«Әкімшілік айыппұлды 7 тәулік ішінде төлемеген жағдайда, жазаның ауыр түрі қолданылады», – дейді баспасөз қызметіндегілер.

Еске сала кетейік, қыркүйек айында орын алған бұл оқиғада Төреғали билетсіз ұшақ бортына кіріп кеткен. Өнер иесі әйелі мен балаларын шығарып салмақшы болған. Соның кесірінен, Алматы-Гонконг бағытындағы ұшақ жарты сағатқа кешігіп ұшқан. Кейіннен бұл іске жауапты 4 бірдей қызметкерге айыппұл салынды. Сондай-ақ, Төреғалидің үстінен қылмыстық іс қозғалғаны оның бір жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін екенін хабарлаған едік.

Дереккөз: Stan.kz