Қазақстандық боксшы Айбек Оралбай Аргентина астанасы Буэнес-Айресте өтіп жатқан Жасөспірімдер арасындағы жазғы олимпиада ойындарында алтын алды деп жазады Азаттық.
91 килограмм салмақ дәрежесінде сынға түскен Айбек Оралбай ақтық жекпе-жекте Алжир спортшысы Мохаммед Амин Хасидтен басым түсті.
Қазір Қазақстан делегациясы жасөспірімдер олимпиадасының төрт алтын, екі күміс, екі қола медальмен жалпы есепте 15-орында тұр.
Бұған дейін дзюдодан Бекарыс Садуақас, каноэ есуден спринт жарыста Диас Бахраддин және қазақстандық велоспортшылар құрамасы жасөспірімдер олимпиадасының чемпионы атанған.
Биылғы жазғы олимпиадаға Қазақстан 41 жолдама иеленді. Олар жүзу, бокс, күрес, дзюдо, баскетбол, суға секіру, триатлон, гимнастика, теннис, жеңіл атлетика, каратэ, таэквондо сынды спорт түрлерінен медальға таласады.
Буэнес-Айрестегі жасөспірімдер олимпиадасына 206 елден 4012 спортшы қатысып жатыр.
18 жасқа дейінгі спортшылар қатысатын Жасөспірімдер олимпиадасы 2010 жылдан бері ұйымдастырылып келеді. Алғашқы олимпиада Сингапурде өтіп, Қазақстан 2 алтын, 2 күміс, 2 қоламен жалпы есепте 24-орын алған. 2014 жылы Қытайдың Нанкин қаласындағы Жасөспірімдер олимпиадасында Қазақстан 3 алтын, 1 күміс, 4 қоламен 21-орынды иеленген.
Аргентинадағы олимпиада 18 қазанда аяқталады.