АҚШ билігі «әр бір немесе екі ай сайын» Ресейге қарсы жаңа санкциялар салып отыруы мүмкін. Бұл туралы АҚШ-тың Украина бойынша арнайы өкілі Курт Уолкер мәлімдеді. Вашингтонда Атлантика кеңесінің конференциясында сөйлеген Уолкер АҚШ-тың Ресейге қатысты саясатын өзгертпейтінін білдірді. Оның пікірінше, санкция салу - Ресейге қысым көрсетудің ең тиімді тәсілі. АҚШ сондықтан бұрын салған санкциясын сақтап, санкция пакетін ара-тұра ұлғайтып отырады. Уолкер бұған қоса Еуропа Одағына Ресейге қарсы санкцияда қолдау көрсеткені үшін алғыс білдірді деп жазады Азаттық.
Курт Уолкер бұған қоса Киевке америкалық қару-жарақ сатуға қойылған эмбаргоны жоюды қолдап, АҚШ-тың бұдан былай Украинаға «өз-өзін қорғау құқығы бар мемлекет» деп қарайтынын айтты. Уолкер бұл елге қару-жарақ жеткізудегі мақсат - Украина шығысындағы жанжалды шиеленістіру емес, керісінше, Ресейдің басқыншылық саясатын тежеу екенін мәлімдеді.
АҚШ Ресейге қарсы санкицяны бірінші рет 2014 жылы Мәскеудің Қырымды аннексиялап алғаны үшін салған. Донбасста қарулы қақтығыс басталған соң Ресейге қарсы экономикалық шектеу шаралары да енгізілген. АҚШ-пен бірге Еуропа Одағы да Ресейге санкция салған.