Биыл «Қазпошта» АҚ-ның құрылғанына 25 жыл толды. Осы айтулы мереке қарсаңында Астанада «пошталық маркаларға арнайы белгі соғу» салтанатты шарасы өтіп, мерейтойлық маркалар айналымға шықты.
Аталмыш шараға ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев, «Қазпошта» АҚ Басқарма басшысы Сәкен Сәрсенов, пошта саласының ардагері Светлана Цветова және Астана пошта қызметкері Әлішер Сатыбалдин қатысты.
Салтанатты іс-шара «Мен пошташымын» атты бейнероликтің көрсетілімінен басталды. Артынша Ақпарат және коммуникациялар министрі Д.Абаев сөз сөйледі.
«Пошта – адамдар арасындағы байланыстың ең маңызды коммуникациялық құралы болған және қала да береді. Ел мен жұртты, халықты жақындату жолында Сіздер өте ауқымды жұмыс атқарып отырсыздар. Қазірдің өзінде Қазпошта кең байтақ еліміздің әр түпкірін бір-бірімен байланыстырып отырған ең ірі оператор. Ең бастысы осы маңызды сала күннен күнге дамып келеді. Қазпоштаға заман талабына сай технологиялар енгізіліп жатыр. Бұл бағыттағы шаруалар алдағы уақытта да жалғасатын болады.
«Айшылық алыс жерлерден, жылдам хабар алдырған» осынау айтулы мереке тағы да құтты болсын!», – деп атап өтті ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Д.Абаев.
Одан соң сөз сөйлеген «Қазпошта» АҚ Басқарма төрағасы С.Сәрсенов айналымға шыққалы отырған пошта маркаларының ерекшеліктерін тілге тиек етіп, іс-шараға қатысқан барша азаматтарға өз алғысын білдірді.
«Бүгін дүниежүзілік пошта күнінде ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігі «Қазпошта» АҚ-мен бірлесіп, Қазақстан поштасының 25 жылдық мерейтойына арналған пошта маркалар блогын айналымға шығаруға дайын. 4 маркада қазақстандық поштаның жарқын беттері бейнеленген. Мен Қазпоштаның 23 мыңнан астам қызметкерін осынау айтулы мерекемен құттықтаймын. Біздің әлі де болашақта атқарар жоспарларымыз көп. Оларды сізбен біз болып атқарамыз. Бәріңізді мерекелеріңізбен құттықтаймын», – деп атап өтті С.Сәрсенов.
Айта кетейік, ол 4 маркадан тұрады. Барлық 4 маркада Қазақстан поштасының өміріндегі ең маңызды сәттер бейнеленген. Олар: тәуелсіз Қазақстанның алғашқы маркасы «Алтын Сарбаз», пошта және телеграф кеңсесіндегі алғашқы үйі, пошта бөлімшесінің соңғы жетістіктері және балалардың көзімен болашақтағы қазақстандық пошта.