24.10.2018, 03:16

Алматыда тәрбиешілер түрмедегідей тәртіп орнатып, балаларды ұрып-соғып келген

Алматыдағы №140 балабақшада екі бірдей тәрбиеші жұмыстан шығарылды. Олардың балаларды ұрып-соққаны бейнебақылау камерасына түсіп қалған деп хабарлайды КТК арнасы.

Ата-аналар арыз жазғанымен қылмыстық іс қозғалмай, арызы кейінге қайтарылған. Ал, балабақша меңгерушісі дискідегі тәрбиешілердің балалары ұрған сәті өшірілген таспаны берген. Ата-анаар арнайы маманның көмегімен бұрынғы жазбаны қайта қалпына келтіреді. Онда тәрбиешілердің балаларды ұрып-соғып, нұқып жатқаны, аяқ киімдерін лақтырғаны байқалады.

«Балалар қорқып қалған. Себебі, күнделікті психологиялық қысым көрсеткен. Қорқытып-үркіткен, қолына түскен затпен ұрған. Тіпті, балабақшада түрмедегідей тәртіп орнатып, балалардың арасынан бақылаушы сайлаған. Яғни, оларға қатарластарын жазалап, тәрбиешіге көмектесуге үйреткен», – дейді Алматы қаласының тұрғыны Анар Нұрсұлтанова.

Осыдан соң ғана екі тәрбиеші жұмыстан қуылған. Басшысы аз жалақыға білікті тәрбиеші табылмайтынын айтып ақталды.

«Бірнеше күнге дейін өз-өзімізге келе алмадық. Меңгеруші болса барлық жерде танысым бар, сендер ештеңе істей алмайсыңдар деп доқ көрсетті. Аудандық ішкі істер бөліміне барғанымызда бейне жазба өшірілген деді. Бағымызға орай барлығын дәлелдедік», – дейді тағы бір ата-ана.

Бала бақша басшысы тәрбиешілерді осылайша жазалағанын айтты.

«Әбдірешова Кәмила Жүсіпқызы және Аязбекова Перизат екі тәрбиешіге қатаң сөгіс берілді. Біреуі өз еркімен зейнеткерлік жасына байланысты жұмыстан шығып кетті. Екінші қызымыз қатаң сөгіспен жұмыстан шығарылды. Өйткені, тәрбиешілік қызметін дұрыс атқармағаныүшін осындай шаралар болды», – дейді меңгерушісі.

«Шу шыққан топта істегеніме 3 күн болды. Біріқ, бірінші күннен бері мүмкіндік бермейді ата-аналар. Таң бозынан келіп балаларды ұрасыз ба, кешке келіп балаларды ұрасыз ба деп жан-жағыма балаларды қойып сұрайды. Осы жағдайдан кейін біздің балабақшаның тәрбиешілері жұмыс істемеймін деп өтініш жазып жатыр. Қазіргі жағдайда 5 тәрбиеші жетіспейді», - дейді тәрбиеші.

Ал, балабақша меңгерушісі айлығы шайлығына жетпейтін жұмысқа білікті тәрбиешілер тарту қиын дейді. Бірақ, болған істің әлі де ақ-қарасын анықтап, ақырына дейін күресуге бел шешкен ата-аналар қалалық білім басқармасы мен прократураға шағым түсіріпті. Себебі, алғаш араша сұрап барған ішкі істер органдары арыздарын кері қайтарған көрінеді.