$ 447.4  477.55  4.76

ОҚО әкімі өңірдің бірқатар азаматтарын «ҚР Конституциясына 20 жыл» медалімен марапаттады

Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі өңірдің бірқатар азаматтарын «ҚР Конституциясына 20 жыл» медалімен марапаттады. Бұл туралы ОҚО әкімі аппаратының баспасөз қызметі хабарлайды.

Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Бейбіт Атамқұлов ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың 2015 жылғы 5 тамыздағы бұйрығына сәйкес Тәуелсіздіктің нығаюына, еліміздің экономикалық дамуына, халықтың ынтымағы мен бірлігінің арта түсуіне елеулі үлес қосқан облыстың бірқатар азаматтарына «ҚР Конституциясына 20 жыл» мерекелік медалін табыстады. Марапатталғандардың қатарында мемлекеттік қызметкерлер, облыстық мәслихат депутаттары, еңбек ардагерлері, зиялы қауым өкілдері бар.

Облыс әкімі Б.Атамқұлов ҚР Президенті Н.Назарбаевтың көшбасшылығының арқасында бүгінде Қазақстан әлемге танылып, дамыған 30 мемлекеттің қатарына қосылуға ұмтылып жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, Мемлекет басшысының бастамасымен қабылданған Конституция еліміздің бүгінгі жетістіктерге жетуіне жол ашты. «Сіздер Ата Заңның аясында атқарылып жатқан жұмыстардың көш басында жүрсіздер. Бүгінгі марапаттарыңыз сол еңбектеріңіздің жемісі. Алдағы уақытта да еліміздің дамуы мен ынтымақ пен бірліктің нығаюы жолында жемісті еңбек ететіндеріңізге сенеміз», – деді облыс басшысы.   

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары