Алматы әуежайында патрон алып ұшпақ болған әйел ұсталды деп хабарлайды Алматы қалалық сотының сайты.
Алматы қаласының Түрксіб аудандық сотында тауып алған оқ-дәріні заңсыз сақтағаны үшін А.-ға қатысты қылмыстық іс қаралды.
2018 жылғы 31 мамыр күні сағат 13:00 шамасында А. Алматы қаласының «Жұлдыз-1» ықшам ауданындағы «Балнұр» сұлулық салонының жанынан жерден бір дана оқ тауып алып, сөмкесіне салған. Сол күні, сағат 13:50 шамасында А. Астана қаласына ұшу үшін әуежайға келеді. Сағат 14:15-де әуевокзал ғимаратындағы тексеру аймағынан өту барысында рентген аппараты әйелдің сөмкесінде патрон бар екенін көрсеткен.
Сарапшының қорытындысы бойынша, ол әскери патрон екені әрі атуға жарамды екені анықталды. Сөйтіп, А. оқ-дәріні заңсыз иемденіп, сақтап және тасымалдаған.
Сот отырысында сотталушы А. өз кінәсін мойындап, өкінетінін айтты. Сот үкімімен А. Қазақстан Республиксының Қылмыстық кодексінің 287-бабының 3-бөлігіне сәйкес айыпты деп танылып, 1 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы белгіленді.
Үкім заңды күшіне енді.
Дереккөз: ҚазАқпарат