Әлемнің төрт дүркін чемпионы Илья Илин Ашхабадта өтетін ауыр атлетикадан 2018 жылғы әлем біріншілігіне қатыспайды деп жазады Sportx.kz.
Портал тілшілерінің жазуынша, ол денсаулық жағдайына байланысты осындай шешімге келген.
«Қазақстан халқына әлем чемпионатына қатыспайтынымды қалай айтуды ұзақ ойладым. Ақыры кететін кезде айтуды ұйғардым. Әлем чемпионатына омыртқамда жарақат табылғанына байланысты қатыспаймын. Айтарлықтай ауыр жарақат. Шынын айтқанда, спорттағы карьераны ары қарай алып жүруім екіталай. Бірақ көңілім түскен жоқ, бәрі дұрыс. Ашхабадқа бапкер ретінде барамын. Нижат Рахимовпен бір жыл бірге жұмыс істедік. Зүлфия Чиншанломен де. Бапкерлерге және өз командама көмектесуге барамын. Әлем чемпионатына қатысу үшін емес, бапкер ретінде барамын», – дейді Ильин порталға берген берген сұхбатында.
Дәрігерлер Ильяның омыртқасында жарақат бар екенін 8 ай бұрын айтқан. Бірақ оған қарамастан спортшы жаттығу залынан шықпаған. Алайда, соңғы уақытта денсаулығы сыр бере бастапты.