Бүгін түрік мегаполисінде ашылған әлемдегі ірі әуе айлағы Стамбұл әуежайы деп аталатын болды жазады Анадолы агенттігі. Бұл туралы бүгін Стамбұлдағы үшінші әуежайдың бірінші кезеңінің ашылу салтанатында Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған айтты.
«Ыстанбұл әуежайы – Түркияның зор мақтанышы және ол бүкіл әлемге үлгі бола алады», – деп атап өтті түрік лидері.
Ердоғанның айтуынша, Стамбұлда жаңа әуежайдың ашылуы тек Түркия ғана емес, бүкіл әлемге пайдалы болмақ. Президент Стамбұлдың Түркияның ірі қаласы ғана емес, елдің ең қымбат бренді екенін атап өтті.
«Стамбұл әуежайының барлық кезеңі пайдалануға берілгеннен кейін Ататүрік халықаралық әуежайында коммерциялық рейстер болмайды, бірақ ол әуе айлағы мәртебесін сақтап қалады», – деді Режеп Тайып Ердоған. Оның айтуынша, 2013 жылы Түркия билігі жаңа әуежайдың құрылысына тендер жариялаған кезде көп адам бұл бастаманың ойдағыдай жүзеге асатынына сенбеген. «Бірінші кезең ашылғаннан кейін Стамбұл әуежайы жылына 90 млн жолаушыға дейін қызмет көрсете алады. Барлық кезең іске қосылған соң бұл көрсеткіш 150 миллионға жетеді. Ал қажеттілік туса, 200 млн адамға қызмет көрсете алады», – деді Ердоған.
Стамбұл әуежайының барлық кезеңінің құрылысы 2028 жылға дейін толық аяқталады. Алдағы он жылда әуежай кеңейе береді.
«Стамбұл әуежайының құрылысына бағытталған инвестиция көлемі 10,247 млрд еуроға жетті. Жаңа әуежайдан келіп түсетін мемлекет табысы 32,4 млрд еуро болады», – деп атап өтті түрік лидері. Режеп Тайып Ердоғанның сөзінше, бүгінде Түркия әлемнің дамыған 10 елінің қатарына қосылуды көздеп отыр.
Дереккөз: ҚазАқпарат