03.11.2018, 03:37

Астана әкімі жылы аялдамалардың қайда орнатылатынын айтты

E.gov.kz электрондық үкімет порталы Астана қаласының әкімі Бақыт Сұлтановтың қатысуымен интернет-конференция өткізуде деп жазады қала әкімдігінің ресми сайты.

Кездесу барысында форумға қатысушылар құрылыс, қоғамдық көліктердің жұмысы, жергілікті бюджеттің толықтырылуы туралы өзекті мәселелерді талқылап жатыр. Қала тұрғыны Ерлан Сәкенов жылы аялдамалардың қайда және қашан орнатылатыны туралы сұрады.

«Жеке инвесторлардың қолдауымен жаңа жылы аялдамалардың орнатылып жатқанына өте қуаныштымын. Ескі аялдамаларды не істемек ойларыңыз бар? Қаланың басқа жерлеріне орналастырасыздар ма? Абылай хан мен Қошқарбаев даңғылдарының бойындағы балалар ауруханасының жанына жылы аялдама орнатылса дейміз. Қаланың шеті болғандықтан, бұл өте маңызды. Mega Silk Way алдына жылы аялдама орнатылады ма? Егер осы пункттерде аялдамалар жоспарланса, қай уақытта пайдалануға беріледі? », – деп сұрады Е. Сәкенов.

Жеке инвесторлар аялдамаларды ауыстырған кезде жоспарға сәйкес басқа жерлерге орнатылады.

Абылай хан 64 мекен жайы бойынша орналасқан № 2 балалар ауруханасы ауданында «Астанадағы жабық типтегі 55 аялдама» жобасы аясында жабық типтегі автобус аялдамасы орнатылды.

Осы жоба бойынша Тұрар Рысқұлов көшесі, 6 мекен-жайындағы № 2 қалалық аурухана ауданында қараша айының соңына дейін жылы аялдама орнатылады.

Сондай-ақ, қала әкімі Абылай хан ауданындағы № 1 аурухана мен «Магнум» гипермаркеті маңындағы жол көлік айырығын пайдалануға беру мерзімін де атап өтті. 2018 жылдың 15 қарашасына дейін Абылай хан даңғылы мен Қ. Қошқарбаев даңғылының қиылысында жол көлік айырығын ашу жоспарланған. Қазіргі таңда көше жарықтарын қосу жұмыстары жүргізілуде.