Атырауда осыдан 2 ай бұрын өлді деп жерленген азамат үйіне оралды деп жазады Ақ Жайық.
Түс уақытында екі ай бұрын қаза болып, арулап көміп, қаделерін беріп үлгерген көкесі Айғали үйге кіріп келгенде үй жинап жүрген Сәуле есеңгіреп қалды. Сәл есін жиған соң, бар дауысымен шыңғырып, түпкі бөлмеге қарай қашып, төсек астынан бар білген дұғаларын күбірлей берді... Бұл қорқынышты «Тірі өліктердің оралуы» фильмінің кезекті сериясы емес, 28 қазанда Атырау қаласы шетіндегі Томарлы ауылында болған шынайы оқиға.
Басынан бастап айтайық. «АЖ» редакциясына хабарласқан Атырау қаласы Томарлы ауылының тұрғыны Есенғали СҰПЫҒАЛИЕВ туған ағасының басынан кешкен қым-қиғыш оқиға туралы баяндап берді. Оның айтуынша, 63 жастағы Айғали СҰПЫҒАЛИЕВ 20 маусымда үйден шығып, хабарсыз кетеді. Отбасы жоқ ер адамның бұрын да белгілі бір уақыттарда үйден кетіп қалатынын ескеріп, тек 9 шілдеде ғана полицияға жоғалғандығы туралы арыз береді. Көп ұзамай полиция мәйітханада белгісіз бір мүрде жатқанын айтып, туыстарын тану үшін шақырады. Күн ыссылығына байланысты бұзылған мәйітті тану мүмкін болмағандықтан, ДНК сараптамасы тағайындалып, нәтижесі мүрде Сұпығалиевқа тиесілі екенін 99,92%-ға растап береді. Бұл жерде сараптаманың осы көрсеткіші дәл болып есептелетінін және қылмыстық және азаматтық сот істерінде айғақ ретінде жүретінін айтып кеткен жөн. Алайда сот сарапшылары мұны басқаша айтады, бұл туралы кейінірек.
- Сараптама растағаннан кейін, үйге әкеліп, арулап Жұлдыз ықшамауданындағы қорымға қойдық. Барлық қаделерін жасап, өлгені жөніндегі анықтама алдық. Туыстарымыз кезек-кезек көңіл шәйға шақырып, отбасымыздың қайғысына көңіл айтып жатыр. Айғали үйге аман-есен кіріп келгенде, қызым Сәуле «өлген ағасын» көріп, қатты шошынды,- дейді Е. Сұпығалиев.
Отбасы Айғалидың құлпытасын дайындап, алдағы демалыс күні бейітін көтеруді жоспарлап қойған. Тіпті оның іздеуде болған екі айында алған зейнетақысын мемлекетке қайтарып та берген.
- Сараптамаға сеніп, садақаларын өткіздік қой. Қаншама қаржы кетті, ел-жұртқа өлді деп айттық. Енді не болады? Сонда біз жылап-сықтап кімді көміп тастадық? Бұл адамды да біреулер іздеп жүрген шығар, – деп ашынады інісі.
Отбасына оралған Айғали туыстарына үйден кеткен күні «Дина» базарында белгісіз бір ер адаммен танысқанын, кейін бірге аудандардың бірінде орналасқан қыстақта мал баққанын айтқан. Төрт ай жұмыс істеген соң, Айғали Атырауға жаяу келген.
Сұпығалиевтардың шаңырағына барған кезде Айғалиды көрдім: анық сөйлей алмайды. Алайда қолмен ымдап денсаулығының жақсы екенін айтты.
- Шыны керек қазіргі басымыздағы жағдайға не қуанарымызды не қайғырарымызды білмейміз. Аман-есен келгеніне шүкір, дегенмен де жалған сараптама жасаған сарапшыларды сотқа тарту керек, - дейді Айғалидың келіні Айман.
Мен Атырау облысы бойынша сот сараптамалары институтына барған кезде ДНК сараптамасын жасаған сараптамашы Ақмарал ЖҰБАТЫРОВА былай деп уәж айтты:
- Сараптама нәтижесін дәлелдер жиынтығы ретінде қолданады. Бір ғана сараптамаға сүйеніп, мүрде сол адамға тиесілі екен деуге болмайды. 99% болғанның өзінде де, қалған 1%- ды да ойлау керек. Сараптама ықтималдықпен жасалынады. Қазіргі уақытта ешқандай ақпарат таратуға құқымыз жоқ.
Облыстық полиция және әділет департаменттері әзірге түсінік беруден қашып отыр. Ал Айғалидың отбасы Атырау облыстық полициясын, Атырау облыстық Сот-медициналық институтын сотқа беруге арыз дайындап жатыр. Бұл Айғали Сұпығалиевты тірілер қатарына ресми тіркеудің алғашқы қадамы болмақ.
Фархат ӘБІЛОВ