Соңғы 3 тәулік ішінде Астана жолдарында 122 жол-көлік оқиғасы тіркелді. Олардың нәтижесінде 6 адам жарақат алды. Абырой болғанда, құрбандар жоқ, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты Астана қаласы полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Елорданың жол-көлік полициясы қызметкерлерінің айтуынша, жолдардағы апаттардың орын алуына негізінен көлік иелерінің жазғы шинаны қысқысына ауыстырмауы себеп болып отыр. Астана әкімдігі полиция департаментімен бірлесіп, көлік иелеріне елорда көшелері мен жолдарында жүру кезінде абай болып, қауіпсіз қашықтық пен жылдамдықты сақтауға, кенет тоқтауды болдырмауға тырысуға, жолда жүру ережелерін қатаң сақтауға кеңес береді.
Жаяу жүргіншілер де жолда абай болуы тиіс.
«Ауа-райының қолайсыздығына байланысты жолдардың қозғалыс бөлігінде автокөліктердің тежеу жолы айтарлықтай ұзара түседі. Сол себепті жолдың қозғалыс бөлігін белгіленген жерде және бағдаршамның рұқсат шамына сәйкес өткен дұрыс», - делінген хабарламада.