Алматы полициясы каскадер Қасым Жұмағожиннің өліміне қатысты тергеу жұмыстарын бастады деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Қалалық Полиция департаментінің хабарлауынша, қайғылы оқиға 3 қараша күні, Хеллоуин түнінде «ТСБ» түнгі клубында болған.
34 жастағы жігіт асылып қалған адамды бейнелемек болған. Қойылым біткен соң актерді түсірген кезде жағдайы нашарлап кеткен. Оқиға орнына жедел жәрдем жеткенше каскадер қайтыс болды. «Аталған оқиғаға байланысты Медеу аудандық полиция басқармасы тергеу жұмыстарын бастады. Сотқа дейінгі тергеу аясында сот-медициналық сараптама тағайындалды.
Аталған сараптама нәтижесінде актердің өлімі неден болғаны анықталмақ. Сонымен қатар, полиция кешенді тергеу және жедел жұмыстарын жүргізіп жатыр», - деді қалалық Полиция департаментінің баспасөз қызметінен.