Шымкенттік ауа райын болжаушы Нұрғабыл Қозыбай биылғы қыстың қандай болатыны туралы айтты. Оның сөзінше, алдағы қыс біршама ұзақ әрі қатаңдау болады.
Бұл туралы «Замана» газеті жазады.
«Халқымыздың өмірден алынған мақал-мәтелдері бар. Өліара, тоғыс кезінде күн суытатынын айтады. Болжамдарымды осы табиғат құбылыстарына және «Ескі айдың 20-сы құр кетпейді» деген болжамдарға сүйеніп жасадым. Ал қыстың қалай болатынын жаздағы өткен аптап ыстықтардың 6 ай 6 күннен кейін суық болып оралатынымен есептеп алып отырмын. Жаздың ұзақ болғанын, жылы күндердің қазан айына дейін созылғанын ескерсек, қыстың ұзақтау болатыны содан білініп тұр», – дейді Нұрғабыл Қозыбай.
Сонымен қатар ол алдағы 3 жылда елімізде құрғақшылық болмайтынын айтты.
«Қазақтың бұрынғы ауа райын болжаушылары ыстық пен суықтың 6 айда айналып келетінін білгені сияқты құрғақшылық жылдардың да 4 жылда бір айналып соғатынын аңғарған. Табиғат заңына құрылған осы болжамға сүйенсек, алдағы 3 жылда құрғақшылық болмауы тиіс. Яғни биыл, 2018-жылы Түркістан облысының таулы аумақтарынан басқа аудандарында құрғақшылық болды. Енді ол 2022-жылы айналып келеді. Демек, алдағы жылы құрғақшылық болмайды. Өңіріміздің шаруалары күздік бидайды алаңсыз еге берсе болады», – дейді ауа райын болжаушы.