31 жастағы астаналық Анар тұрмыс құрмаған. Жігіттермен жақын қарым-қатынасқа да бармаған ол осыдан 3 жыл бұрын гинекологтан пәктігі жайлы анықтама алыпты деп жазады NewTimes.kz.
Анар өзінің жігіттер көз салатындай сұлу болмағанын айтады. Мектепте өзі құралпы қыздар бала махаббаттарымен сүйісе бастағанда ол жиіркенішті көзбен қарап жүрген. Кейін университет қабырғасында да курстастарының интимдік қатынасы жайлы біліп, олардан жеріп кеткен.
«Үйде бірге тұратын қыздар ішімдік ішіп, темекі сасып жүретін. Жиіркенетінмін. Неге сонша өз өмірлерін қор қылады деп ойлайтынмын. Қазір де солай. Олар маған «жігіттің бетін бір рет қайтарсаң ол саған қайтып келмейді» дейтін. Болашақ балаларыңның анасына қалайша бұлай жасауға болады?», − деген бойжеткен пәктіктің неке қиылмай бұзылмауы керек деген ұстанымына берік екенін айтады.
Астаналық ару жігіттерге өзінің пәк екенін айтса, олар күліп жіберетін көрінеді.
«Мені жігіттер жынды деп ойлады. Ойлай берсін. Осыдан 3 жыл бұрын гинекологқа барғанымда ол да таң қалған. Осы жасқа дейін жыныстық қатынасқа түспеу денсаулыққа зиян екенін де айтқан», − деген Анар өзін бағалайтын ер адамның әлі-ақ кезігетініне сенеді және өзінің таза екенін әрқашан мақтан тұтады.