$ 514.65  544.6  5.17

Жезқазғанда Күз мерекесін тойлады

Өскелең жас ұрпақты рухани-адамгершілік қасиетке тәрбиелеуде балабақша мен ондағы тәрбиешілердің алар орны ерекше. Біздің келешегіміз жас ұрпаққа тәрбиемен қатар біліммен сусындатуда олар аянып қалмайды. «Балдәурен» шағын орталығында ұйымдастырылған «Сәлем, алтын күз» атты шарадатағы бір мәрте осыған куә болдық.

«Балдәурен» шағын орталығы Қабден Шыңғысов атындағы №5 орта мектептің жанынан құрылған. Сондықтан, салтанатты шараны мектеп директоры Бекзат Құланбаева өз құттықтауымен ашып, балғындармен олардың өнерін тамашалауға жеткен ата-аналар қауымына ізгі тілегін арнады.

Енді ғана оңы мен солын таңыған балапандарға күз мезгілінің таңғажайыптарын таныстыруды мақсат еткен мерекелік шараға ортаңғы топтың балалары қатысты. Әрі жиналғандарды өз өнерлерімен тәнті етіп, ұмытылмастан көңілкүй сыйлады. Қазақ, орыс тілдерінде берекелі, мерекелі күзді әнге қосып, жаттап келген жыр-шумақтарын нақышына келтіріп айтты. Әр баланың шығармашылық қабілетін байқап, оны шыңдауға үлес қосып жүрген білікті тәрбиешілер Ботагөз Әбішева, Гүлмира Абжанова мен Құндызай Қорғанбекова кездесудің әр минутына дейін ойластырғаны қуантты. Балалардың жалықтырып, шаршатпаудың амалын қарастырып, тақырыпқа сай сергіту ойындарын ойнатты.

Одан кейін ортаға кештің қадірлі қонағы «Алтын күз» де келді. Сары жапырақтармен көмкерілген басты кейіпкер балалармен бірге дөңгелене ән шырқап, көңілді би биледі. Балғындардың езулері күлкіге толып, қалағанынша ойнап, күлді. Кездесудің қорытынды бөлігінде «Алтын күз» тақырыбында өткен суреттер байқауының қорытындысы шығарылып, ортаңғы топтың тәрбиеленушісі Дана Қайсарға бас жүлде табыс етілді.

Бауыр еті балаларының өнерін тамашалаған ата-аналар балабақша ұжымы мен тәрбиешілерге алғыстарын жаудырып, дән риза болысты.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары