Жаңалықтар   19.11.2018   сағат   12:15     336

Ресейде болған жол апатынан зардап шеккен 2 қазақстандық жансақтау бөлімінде жатыр

Екі күні бұрын Ресейдің Саратов облысында тіркелген жол апаты салдарынан ауруханаға түскен екі қазақстандық жансақтау бөлімінде жатыр деп жазады ҚазАқпарат.

Ресейде болған жол апатынан зардап шеккен 2 қазақстандық жансақтау бөлімінде жатыр

«Осыдан екі күн бұрын қазақстандық автобус Ресей Федерациясының Саратов облысында теміржол пойызымен соқтығысып, салдарынан бес адам қаза тапты. Автобустың ішінде жеті жолаушы болған. Оның бесеуі көз жұмды. Қаза тапқандардың барлығы Өзбекстан азаматы. Жүргізуші және оның көмекшісі Қазақстан азаматтары. Олар тірі. Бірақ, жағдайлары өте ауыр, жансақтау бөлімінде жатыр. Туыстары сол жақта. Хабар берілді. Тергеу жүргізіліп жатыр. Біздің Астрахандағы консул бұл мәселені ерекше бақылауына алып, күнделікті жұмысын жүргізіп жатыр», – деді ҚР СІМ ресми өкілі Айбек Смадияров.

Еске сала кетсек, осыдан екі күн бұрын Ресейдің Саратов облысында Қазақстан мен Өзбекстан жолаушылары мінген рейстік автобус апатқа ұшыраған болатын.

«17 қараша күні РФ Саратов облысының Озинский ауданындағы темір жол өтпесінде «Саратов-Орал» рейстік автобусы жүк пойызымен соқтығысты. Бастапқы мәлімет бойынша, автобуста 7 жолаушы болған, олардың екеуі Қазақстан азаматтары болса, бесеуі - өзбекстандықтар», – деп хабарлады ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің ресми өкілі Нұрсұлтан Нұрахметов.

Осыдан кейін Қазақстанның Астраxандағы консулы Қанат Шекқалиев бұл оқиға бойынша жедел түрде жергілікті билікпен байланысқа шығып, апаттың мән-жағдайын анықтап жатқаны хабарланған болатын.

Соңғы жаңалықтар