АҚШ президенті Дональд Трамп Сауд Арабиясына мұнай бағасын арзандатқаны үшін алғыс білдірді. Ол Twitter-дегі парақшасында мұнай бағасының түсуін салықтың қысқаруымен салыстырды. Оның айтуынша, Эр-Риядтың арқасында мұнай баррелі 82 доллардан 54 долларға түскен деп жазады Азаттық.
20 қараша күнгі саудада Brent маркалы мұнай баррелі 62,5 долларға түскен, ал WTI маркалы мұнай 53,5 долларға арзандаған. Дәл осы күні Трамп журналист Жамал Хашоггидің өліміне қатысты АҚШ пен Батыс елдерінің айыптауына қарамастан, Вашингтон Эр-Риядпен жақсы қарым-қатынасты сақтап қалғысы келетінін мәлімдеген.
АҚШ басшысы Сауд Арабиясына санкция салмауға да уәде берді, себебі Эр-Рияд Вашингтонның сауалына «ықыласыпен» жауап беріп жатыр. Ақ үй жетекшісі АҚШ-тың корольдікпен әскери қарым-қатынасқа тыйым салуы Ресей мен Қытайға қолайлы болатынын жеткізді.
Қазан айының басында Brent маркалы мұнайдың баррелі 82 доллардан асқан. WTI маркалы мұнай 73 доллардан жоғары болатын. Осылайша, бір жарым айдың ішінде мұнайдың екі маркасы да 25 пайызға арзандап кетті.
Мұнайдың арзандауы қор нарығында акциялар бағамының төмендеуімен тұспа-тұс келіп отыр. Американың Facebook, Apple, Amazon, Netflix, Google сияқты технологиялық компаниялары нарықта соңғы уақытта жиыны бір триллион доллар жоғалтты.
Соңғы жылда әлемде мұнай бағасы АҚШ Иранға санкция салады деген қауіптен және OPEC елдері мұнай өндіру көлемін қысқарту жөнінде келісімге келген соң төмендеген.