Астаналық шаштараз ай сайын 700 мың теңгеден кем түспейтін табыс табатынын мәлімдеді. Айтуынша, елордалық арулар шаш күтімінен ақша аямайтын көрінеді деп хабарлайды NUR.KZ.
Астананың сол жағалауындағы шаштараздардың бірінде жұмыс істейтін шаш шеберлерінің бірі өзінің ай сайынғы табысын айтты. Шаштараз шенеуніктер сияқты «жылы креслода» отырмай-ақ, қыруар табыс табуға болатынына сенімді.
«Айына кем дегенде 600-700 мың теңге табыс түседі. Елордада жалпы қызметтің қай түрі болмасын қымбат, ал шаш күтіміне байланысты қызмет өңірлерге қарағанда әлдеқайда қымбат. Мысалы шашты күрделу бояу біздің салонда 20-30 мың теңгеден басталады. Бәрі шаштың ұзындығына байланысты, ал жай қию 5000 теңгеден басталады. Сол сияқты қызмет түрлері көп. Мәселен ботокс қызметі 15 мың теңгеден жоғары тұрады, мұнда да шаштың ұзындығына тікелей байланысты», − дейді маман.
Шебер сондай-ақ шаштараз қызметінің бағалары қаланың оң жағалауына қарағанда сол жағалауында әлдеқайда қымбат екенін айтты.
«Әрине, басқа да қызмет түрлері сияқты сол жағалауда шаш күтімі қызметі әлдеқайда қымбат тұрады. Өзімнің салоным жоқ, тек осылай шаштаразшы шебер ретінде ай сайын осындай табыс тауып отырмын. Тіпті, ақ көйлек, қара костюм киетін мемлекеттік қызметкерден де, мұғалім, дәрігерлерден де артық тауып отырмын. Өткенде әкімдер мен министрлердің табысы көпшілікке белгілі болды. Сол кезде, өзімнің де сол кісілер сияқты табыс табатынымды білім, таң қалдым.
Яғни, «жылы креслода» отырмай-ақ, мол табыс табуға болады екен. Тек еңбектену керек. Қазір жалпы, қызмет көрсету саласында жүрген мамандардың табысы күшті болып тұр. Шаштаразшылардың, тырнақ, кірпік, қас жөндейтін мамандардың табысы жаман емес. Сондықтан, болашақ жас мамандарға айтарым, ақшасы аз беделді қызметте отырғанша, қарапайым, бірақ табысы көп кәсіппен айналыссаңыздар өкінбейсіздер, керісінше тез аяқтап тұрып, көтеріліп кетесіздер», − деді шебер.