Солтүстік Қазақстан облысында 2 көлік суға батып кетті деп жазады ҚазАқпарат.
Төтенше жағдай қарашаның 19-ы болған. СҚО Төтенше жағдай департаментінің мәліметінше, бірыңғай кезекші диспетчерлік қызметтің 112 нөміріне Қызылжар ауданындағы Новоникольское ауылының маңындағы Есіл өзеніне МТЗ-80 тракторы құлағаны туралы хабар түскен. Кейін анықталғандай, шөп артқан көлік жүргізушісінің абайсыздығынан трактор жол жиегінен сырғанап, суға құлаған.
Абырой болғанда жүргізушісі аман. Ауыл шаруашылығы техникасы құтқарушылардың көмегімен мұз қатқан өзеннен шығарылды.
Ал, оқиғаның екіншісі қарашаның 20-сы Есіл ауданында көлік жүргізушісінің бейғамдығынан болған. Облыстың 3 тұрғыны Үлкен Тораңғұл көліне балық аулауға барған. Ескертуге қарамастан жағадан 400 метрдей Үлкен Торанғұл көлінің үстіне джип автокөлігімен шыққан. Дұрыс қатып үлгермеген мұз темір тұлпардың салмағын көтере алмай, опырылып түскен. Зардап шеккендер жоқ.
«Өзен-көлдердің беті әлі толық қатқан жоқ. Сол себепті мұзға шығу қауіпті. Тіпті, қақаған қыстың өзінде де мұз бетіне шығуға рұқсат етілмейді. Өйткені мұздың астындағы су ағып, жылжып тұрады. Сол себепті қауіпсіздік ережелерін міндетті түрде сақтау қажет», – дейді СҚО Төтенше жағдай департаменті бірыңғай кезекші диспетчерлік 112 қызмет басқармасының басшысы Рүстем Жұмағалиев.