Қазақстандық ғалым, археолог Карл Байпақов 78 жасында қайтыс болды. Бұл туралы Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы Facebook әлеуметтік желісінде жазды.
Министр ғалымның туған-туыстарына көңіл айтты.
«Біртуар ғалым, археолог, тарих ғылымдарының докторы, ҚР ҒА академигі, ҚР ғылымы мен техниканың еңбек сіңірген қайраткері Карл Молдахметұлы Байпақовтың өмірден өткенін қайғыра хабарлаймын. Оның бүкіл өмірі – халыққа қалай қызмет етудің жарқын үлгісі. Карл Молдахметұлы – тарих, Отанымыздың мәдениеті мен археологиясы туралы танымымызды байытқан кісі. Жуырда ғана біз археологиялық орталықтарды зерттеу бойынша ірі жоспарларды бірге талқылаған едік. Карекеңнің ісін жалғастыру керек деп есептеймін», – деп жазды Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы Facebook-парақшасында.
Карл Молдахметұлы Байпақов 1940 жылы Алматы облысы Талғар қаласында дүниеге келген. Ленинград (1964, қазіргі Санкт-Петербург) мемлекеттік университетін бітірген. Тарих ғылымдарының докторы , профессор, Қазақстан Ғылым Академиясының академигі (2003) және ҚР Әлеуметтік ғылым академиясының академигі (1996), Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым және техника қайраткері (1998).