Алматыда белгілі тележүргізушінің бұрынғы әйелін аяусыз өлтірді деп айыпталып жатқан күдіктіден марқұмның туыстары 100 миллион теңге өтемақы талап етті. Десе де, пәтер қожайынына 8 мәрте пышақ салды делінген Сүлейменованы бұл сома селк еткізген де жоқ.
Керісінше, артында бірде-бір мүлікінің жоқтығын алға тартқан келіншек көк тиын да төлемейтінін ашық айтты. Ол аздай, өзін тым еркін сезінген күдікті судьяның қойған сұрақтарына да жауап беруден бас тартты деп хабарлады КТК.
Ал прокурор бұған дейін айтылмаған деректерді жариялады.
«Күдікті Гүлдерайым Омароваға терең пышақ іздерін салған. Бірнеше қайтара жасалған соққыдан Омарова бірден көз жұмған. Жарақаттарды ескере келе, марқұмның денсаулығына аса ауыр зиян келтірген деген қорытынды жасалды», – дейді мемлекеттік айыптаушы Ермек Қашағанов.
Бұған дейін тек тергеушіге ғана мәлім болған жайттардан жан түршігеді. Сөйтсе, Сүлейменова ісін бітірген соң марқұмның қанға бөккен киімдерін кір жуатын машинада жуып қойған екен. Ал аяқ киімін пакетке салып, тығып тастаған. Ал қорқыныштысы сол, психологиялық сараптама Сүлейменованың аффекті күйінде болмағанын, яғни шіміркпестен өлтіргенін растаған. Сіңлісінің қиналып өлгенін естіген әпкесі көз жасын тоқтата алмады. Қабырғасын қайыстырған қазаның өтемі ретінде жәбірленуші жақ күдіктіден 100 миллион теңге сұрады.
«100 миллион теңге көлемінде моральдық шығынымызды өтеуді талап еттік. Ол біздің құқығымыз. Бірақ адамның өмірі, әрине, онымен өлшенбейді. Дегенмен де салмақтың қандай екенін көрсін», – деді марқұмның бұрынғы күйеуі Рахман Омаров.
Судья істі созбалаңға салмай, санаулы күннен соң үкім шығармақ.